КҚК қондырғысына елеулі зақым тиді: министр шабуылдарды айыптайды
Каспий құбыр консорциумының теңіздегі мұнай тиеу қондырғысына жасалған шабуыл салдарынан Қазақстан елеулі шығынға ұшырады.
Астана, NEGE. Қараша айының соңында теңіз дронының шабуылына ұшыраған Каспий құбыр консорциумының теңіздегі мұнай тиеу қондырғысы айтарлықтай зақымданған. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов шабуыл салдарынан келген зақымдарды атап, жалпы орын алған оқиғаға пікір білдірді.
«Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 80%-ы Каспий құбыр консорциумымен тасымалданатыны ешкімге құпия емес. Бұл құбыр консорциумы халықаралық заңнамаға сәйкес құрылған және оған еуропалық, америкалық және қазақстандық компаниялар қатысады. Ресейге тек аз бөлігі ғана тиесілі. Сондықтан сыртқы істер министрлігінің саяси мәлімдемесіне сәйкес, Қазақстан азаматтық инфрақұрылымға жасалған осындай шабуылдарды айыптайды. Біз мұндай әрекеттерді қабылдауға болмайды деп санаймыз», – деді Ерлан Ақкенженов.
Министрдің айтуынша, қондырғыда шамамен ені 3 метр, биіктігі 2,5 метр болатын үлкен тесік пайда болған. Қазіргі уақытта консорциум мамандары нысанның су бетінде қалқып тұру қабілетін қалпына келтірумен айналысып жатыр.
«Бұл тесік объектіге бағытталған жарылыс нәтижесінде пайда болды. Қазіргі уақытта сүңгуірлер аталған сыртқы айлақ қондырғысының жүзгіштігін қалпына келтіру бойынша барлық жұмыстарды жүргізіп жатыр. Кейін қондырғы ішіне кіріп, технологиялық жабдықтардың зақымын бағалау қажет болады. Егер жөндеу жұмыстары сәтті өтсе, екінші сыртқы айлақ қондырғысы (ВПУ 2) да қайта іске қосылады. Қалпына келтіру жұмыстарына қарамастан, министрлік пен Ұлттық мұнай-газ компаниясы БАӘ-де өндірілген екі жаңа сыртқы айлақ қондырғысын жеткізу бойынша барлық шараларды жасап жатыр», – деп хабарлады министр.
- Тақырыпқа орай: КҚК-ға жасалған шабуыл: «Үлкен ағайынның» табалдырығында қалдық
Сондай-ақ, министр Украина әскері Каспий құбыр консорциумының нысандарына жасаған шабуыл салдарынан Қазақстан қанша шығынға ұшырағаны туралы пікір білдірді.
«Қазір зақым мөлшері бағаланып жатыр. Ал одан кейінгі жағдайларға қатысты пікірді, менің ойымша, сыртқы істер министрлігі білдіреді. Энергетика министрлігі саяси мәлімдемелер жасай алмайды, өйткені біз – тек энергетика саласындағы саясатты жүзеге асыратын органбыз. Зақым мөлшері толық анықталған соң ғана әрі қарайғы әрекеттер анықталады», – деді ол.
Ерлан Ақкенжанов сенбіде журналистерге Ақордада КҚК жасалған шабуыл салдарынан Қазақстан 480 мың тонна мұнай өндірісінен айырылғанын айтқан еді.
Сонымен қатар, Ерлан Ақкенженов мұнай тасымалының балама бағыттары да қарастырылып жатқанын айтты. Оның сөзінше, қосымша бағыттар ретінде Қазақстан – Қытай және Атырау – Самара құбырлары пайдаланылуы мүмкін. Оған қоса, Германия бағытына да мұнай жеткізу жоспарланып отыр.
Еске салсақ, 29 қараша күні таңертең Каспий құбыр консорциумы терминалына теңіз акваториясында жатқан нысанға белгісіз әуе құралдары шабуыл жасаған. Салдарынан ВПУ-2 айлақ құрылғысы зақымдалды. Жарылыстан кейін терминал жұмысы тоқтатылып, танкерлер акваториядан шығарылды.