14 Қаңтар 16:51
...

КҚК-ға жасалған шабуыл: СІМ ресми мәлімдеме жасады

freepik.com
Фото: freepik.com

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Қара теңіздегі Қазақстан мұнайын тиегелі тұрған танкерлерге жасалған шабуыл жөнінде мәлімдеме жасады.

Астана, NEGE. Сыртқы істер министрлігі 13 қаңтарда Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумының теңіз терминалына бет алған үш танкерге ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жасалған шабуылдарға байланысты «айтарлықтай алаңдаушылық» білдірген.

«Осы орайда бірқатар еуропалық мемлекет елшілерімен өткізілген шұғыл кездесулер, сондай-ақ америкалық тараппен және өзге де шетелдік серіктестермен болған байланыстар барысында халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтай отырып, көмірсутегін тасымалдаудың, оның ішінде теңіз жолдарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдаудың маңыздылығына ерекше мән бердік», – делінген хабарламада.

Министрлік өкілі Қазақстан Республикасы қандай да бір қарулы қақтығысқа қатысушы болып саналмайтынын, жаһандық және еуропалық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқанын әрі энергия ресурстарын жеткізудің үздіксіздігін халықаралық талаптарға толық сәйкес қамтамасыз етіп отырғанын атап өткен. 

«Осыған байланысты танкерлердің барлық қажетті рұқсаты болғанын және талап етілетін сәйкестендіру жабдықтарымен қамтамасыз етілгенін атап көрсетеміз», – дейді ведомство өкілі.

СІМ соңғы уақытта мұндай оқиғалардың жиілеуі «халықаралық энергетикалық инфрақұрылымның қалыпты жұмыс істеуіне төнетін тәуекелдер артып келе жатқанын айғақтайтынын» атап өткен.

«Серіктестерімізді алдағы уақытта осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында бірлескен шаралар әзірлеу үшін тығыз өзара іс-қимыл жасауға шақырамыз», – делінген хабарламада.

13 қаңтарда Каспий құбыр консорциумының Қара теңіздегі жүк тиеу терминалы маңында екі мұнай танкеріне дронмен шабуыл жасалды.

Қазақстанның Энергетика министрлігі екі танкер ұшқышсыз ұшу аппараты шабуылына ұшырағанын растады. Ведомство мәліметінше, оқиға кезінде кемеге мұнай тиеу жұмыстары жүргізілмеген. Жүк цистерналары бос болғандықтан, Қазақстан Республикасының экспорттық ресурстарына зиян келтірілмеген.