14 Қаңтар 09:03
...

КҚК-ға жасалған шабуыл: Қазақстанның экспортына зиян келмеген

cpc-online.ru
Фото: cpc-online.ru

Қазақстанның Энергетика министрлігі Қара теңізде танкерлерге жасалған шабуыл туралы БАҚ-та тараған ақпаратты растады.

Астана, NEGE. Министрлік өкілдері 13 қаңтарда болған жайтқа түсініктеме берді.

«Қара теңіз акваториясында, КҚК теңіз терминалы маңында Қазақстанның экспорттық мұнайын тасымалдауға қатысқан екі кемеде тіркелген келеңсіз оқиғалар туралы ақпаратты ресми түрде растайды», – делінген ведомство хабарламасында.

Министрлік мәліметінше, Мальта туымен жүрген «Matilda» танкері «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қосалқы ұйымы арқылы жалға алынған және ҰҰА шабуылына ұшырағаны расталды.

«Кемеде жарылыс тіркелгенімен, өрт шықпаған. Экипаж арасында зардап шеккендер жоқ. Техникалық қызметтердің алдын ала бағалауына сәйкес, танкер теңізде жүзуге қабілетті, кеменің корпусында аса қауіпті зақымданулар анықталмаған», – дейді Энергетика министрлігі өкілдері.

Либерия туымен жүрген «Delta Harmony» танкері де жүктеу жұмыстарына дайындық кезеңінде ұшқышсыз ұшу аппараты шабуылына ұшырағаны расталды. Салдарынан өрт шығып, жедел сөндірілген. Экипаж мүшелері зардап шекпеген.

Оперативтік штаб деректеріне сәйкес, оқиға кезінде кемеге мұнай тиеу жұмыстары жүргізілмеген, жүк цистерналары бос болғандықтан, Қазақстан Республикасының экспорттық ресурстарына зиян келтірілмеген.

«Энергетика министрлігі логистикалық тізбектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспорттық жеткізілімдердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында «ҚазМұнайГаз» ұлттық операторымен, консорциум әкімшілігімен және кемелер иелерімен іс-қимылдарды жедел түрде үйлестіріп отыр», – делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ ведомство өкілдері желтоқсан айында КҚК теңіз терминалы арқылы мұнай жөнелту көлемінің уақытша төмендегенін растайды.

«Бұл жағдай ҰҰА шабуылы салдарынан ВПУ-3 айлақ құрылғысының қызметін мәжүрлі тоқтатуына және Қара теңіз акваториясындағы қолайсыз метеорологиялық ахуалға (дауылды құбылыстар) байланысты болды.

Объективті факторлардың салаға әсерін барынша азайту және мұнай өндірудің тоқтап қалуына жол бермеу мақсатында ведомство экспорттық ағындарды жедел түрде қайта бөлу жөнінде тиісті шаралар қабылдады», – деп нақтылады министрліктен.

Мұнай көлемінің бір бөлігі баламалы тасымалдау бағыттарына қайта бағдарланған. Атап айтқанда, министрлік дерегінше, Атырау–Самара бағыты бойынша тасымалдау көлемінің өскені және Қытай Халық Республикасына жеткізілімдердің артқаны тіркелген.

«Қалған экспорттық бағыттар бойынша тасымалдау орташа жоспарлы көрсеткіштер деңгейінде сақталды. Жағдай уәкілетті органның тұрақты бақылауында», – дейді салаға жауапты ведомство өкілдері.

Айта кетейік, 13 қаңтарда әлемдік БАҚ Каспий құбыр консорциумының Қара теңіздегі жүк тиеу терминалы маңында екі мұнай танкеріне шабуыл жасалғаны туралы ақпарат таратты. 

Дереккөздердің хабарлауынша, грекиялық Delta Tankers компаниясының басқаруындағы Delta Harmony такеріне «Теңізшевройл» жобасының мұнайы, ал Thenamaris компаниясының басқаруындағы Matilda танкеріне Қарашығанақ кен орнынан өндірілген мұнай тиелуі керек болған.