3 Ақпан 16:21
...

«Сен өлтірсін деп құтқарған жоқпыз»: әкесі ұрған қыз туралы тың дерек айтылды

күдікті
Фото: Видеодан кадр/Жетісу облыстық полиция департаменті

Талдықорғанда әкесі аяусыз ұрып-соғып, ауруханаға түскен үш жасар қызға екі жыл бұрын Түркияда ота жасалған. Ал әкесі қызының еміне кедергі келтіріп, қамқорлық танытқан жандарға қоқан-лоқы көрсеткен.

Астана, NEGE. Бұл жөнінде «Солнце на ладошке» қайырымдылық қорының қызметкері Екатерина Доброва мәлімдеді.

«Бүкіл әлем қызыңды бауыр циррозынан сен оны өлтірсін деп құтқарған жоқ», – деп жазды ол желіде.

Оның мәлімдеуінше, екі жыл бұрын ол емдеуші дәрігерінен қыздың жағдайын естіп, бауыр трансплантациясын жасату үшін қаржы жинаған. 

«Отбасына хабарластық, алайда баланы құтқару әкесінің ойында да болмаған, керісінше, ол бұған кедергі келтірді!

Әйелі екеуін кәмелетке толмаған қызын қауіпті жағдайда қалдырғаны үшін жазаға тартылатыны айтылып қорқытқаннан кейін ғана баласы мен анасын Түркияға жіберуге келісті», – дейді Екатерина Доброва.

Ол кезде қыздың жағдайы өте ауыр болған. Анасының да жағдайы мәз болмаған.

«Қыздың денесі көгеріп, базданып кеткен. Бауыр циррозынан бөлек, оған дұрыс күтім жасалмаған. Анасының көзінен, бір нүктеге қадалған жанарынан-ақ бәрін түсіндім. "Ол сені ұра ма?" деп сұрағанымда "Иә" деп жауап берді. Терең депрессияда жүрді», – дейді қайырымдылық қорының қызметкері.

Қызға Түркияда ота жасалып, медицина қызметкерлері тарапынан ерекше күтім көрсетілген. қайырымды жандар анасы екеуіне киім алып беріп, қамқорлық жасаған. Әйелі күйеуіне оралмауға уәде берген.

Доброваның жазуынша, сол кезде қыздың әкесі қор өкілдеріне бірнеше рет қоңырау шалып, қоқан-лоқы көрсеткен.

«Басында біз оның биполярлы бұзылысы бар шығар деп ойладық, бірақ кейін мәселенің себебі алкоголь және тек ол ғана емес екенін түсіндік…», – дейді ол.

Түркиядан оралған соң әйелдің анасы қайтыс болады. Доброваның пайымынша, әйел күйеуімен сол кезде қайта қосылған.

«Бұл әйел өте қажыған, өзі де ауыр психиатриялық жағдайда. Күйеуіне қарсы тұрарлық шамасы жоқ… Ол өзін ұрып-соғуға көндіге бастаған… Бірақ біз көнбейміз! Мен үнсіз жүрдім, бірақ мұндайда үнсіз қалуға болмайды! Мен қызды құтқару үшін түн ұйқымды төрт бөліп, бекер ақша іздеген жоқпын! Егер баланың анасы кері шегінсе (ал оның ауруханадан түсірілген видеоны өшіруді сұрап жатқанын білемін), онда ол онымен бірге түрмеде отырады немесе арнайы мекемеге жатқызылады!», – деп ескертті қор қызметкері.

Айта кетейік, бүгін желіде денесі соққыдан көгеріп қалған кішкентай қыздың шырылдап жылап жатқаны түсірілген видео жарияланды. Видео авторларының мәлімдеуінше, бүлдіршін мен оның анасын әкесі аяусыз соққыға жыққан.

Полицейлер бұл жайт бойынша «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қыздың әкесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.