23 Қаңтар 10:13
...

«Қызылжар» футбол клубының бұрынғы бас бухгалтеріне үкім шықты

freepik.com
Фото: freepik.com

Петропавлда «Қызылжар» футбол клубының бұрынғы бас бухгалтері – 63 жастағы Ольга Замелацкаяға қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Kazinform.

Астана, NEGE. Сот үкімімен экс-бухгалтер 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Ол Қылмыстық кодекстің сеніп тапсырған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемденіп алу және ұйымдарға салынатын салықты және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеуден жалтару баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Бұл қылмыстық іс бойынша сот отырыстары өткен жылдың шілде айында басталған. Айыптау тарапының ұстанымына сәйкес, 2023 жылдан бастап ол жалған құжаттарды пайдаланып, қаржылық құқықбұзушылықтарға жол берген.

Петропавл қалалық соты Ольга Замелацкаяны кінәлі деп таныды. Бұған дейін қолданылған елден шықпау туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы өзгертіліп, сотталған әйел сот залында қамауға алынды.

Сот үкімімен ол 7 жыл 6 ай мерзімді қауіпсіздігі орташа деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Сондай-ақ 7 жылға коммерциялық және мемлекеттік ұйымдарда басшылық қызметтерді, сондай-ақ материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Негізгі жазадан бөлек, сот Ольга Замелацкаяны «Қызыл-Жар СК» футбол клубы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына 67 225 000 теңге көлеміндегі шығынды өтеуге міндеттеді. Сонымен қатар клубтың өкілі болған адвокаттың қызметіне жұмсалған 3 млн теңге де өтелуі тиіс. Бұдан бөлек Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің пайдасына 287 163 000 теңге көлемінде материалдық залал өндіріліп алынады.Сондай-ақ ол 10 721 000 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж төлеуге міндеттелді.