3 Қазан 12:33
...

Қызылордадағы музыкалық колледж ғимараты жаңарады

Фото:

Өңірдің 85 жылдығына орай кезекті жаңа білім нысаны бой көтермек.

Қызылорда, NEGE.  Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжановпен Қызылорда қаласының сол жағалауынан 650 орындық музыкалық колледж ғимаратын салу жобасы бойынша келісім бекітті. Құны 4 млрд. 800 млн. теңге болатын нысанның қасына жатақхана да салу жоспарланған.

Алқалы жиын барысында аймақ басшысы колледж салуға ниет білдірген  «Саутс-Ойл» компаниясының президентіне өңір халқының атынан үлкен ризашылығын жеткізді.

Қызылорда облысы әкімінің айтуынша, музыкалық білім беретін колледждің қазіргі ғимараты 1983 жылы бой көтерген. Құрылысы көнеріп, тозығы жеткен оқу ошағы 350 орындықты ғана құрайды. Ал жастардың музыкалық білім алуға деген  сұранысы жыл сайын артуына байланысты колледжде оқитындар саны артып келеді. Сондай-ақ биыл Сыр өңірінде облыстық филармония жанынан тұңғыш рет симфония оркестрі құрылғанын тілге тиек еткен әкім салынатын жаңа ғимаратта симфония оркестрі шығармашылығын шыңдап, мерекелік концерттерге дайындық жүргізетінін алға тартты.

«Оркестр құрамына ішекті, үрмелі және ұрмалы аспапты игерген 30 кәсіби музыкант қабылданып, ұжым 50-ден аса маманнан жасақталды. Осындай жаңа орталықтар өңір халқына арналған ізгі істердің ордасы болатыны сөзсіз», – деді аймақ басшысы.

Сөз алған «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов қызылордалықтарды облыс мерейтойымен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.

Айта кетейік, алда салынатын жаңа колледж ғимараты «Саутс-Ойл» компаниясының көпшілікке жасаған алғашқы тартуы емес. Бұған дейін Қызылорда қаласында құны 1,9 млрд. теңгеге «Нұрсәт» спорт кешені мен Аралдағы Қамыстыбас көлінің жағасына балалардың оқу-сауықтыру орталығын өз қаражаты есебінен салып берген болатын.

Екіжақты келісімге қол қою рәсіміне қатысқан мемлекет және қоғам қайраткерлері Ибрагим Әбибуллаев,  Мұрат Бақтиярұлы, Қылышбай Бисенов және музыкалық колледждің бұрынғы директоры Кеулімжай Ботабаев жерлестерін жаңа ғимараттың бастамасымен құттықтап, серіктестік компания өкілдеріне алғыс білдірді.

Тегтер: