ҚЫЗЫЛОРДАДА «қызық» болып жатыр: Облыс әкімінің орынбасары қызметінен НЕГЕ кетті?

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Балмейір Сансызбайұлы тағайындалғанына төрт ай толар-толмас уақытта қызметінен кетті.
Актив жиынында Б.Сансызбайұлын облыс әкімі Нұрлыбек НӘЛІБАЕВТЫҢ өзі шығарып салыпты. Жәй ғана шығарып салмаған, асыра мақтап, арқасынан қағып шығарып салыпты. Б.Сансызбайұлы оқуға түскен себепті қызметтен кетіп жатыр-мыс.
«Балмейір Сансызбайұлы аз уақыттың ішінде аймақ дамуы жолында аянбай еңбек етті. Тіршіліктің негізгі күретамырына айналған облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жақсартуға 36 млрд теңге қаржы бөлініп, ұзындығы 570 шақырым көшелер мен автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Демеушілер есебінен облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойында орналасқан 3 көпірді, Қызылорда қаласындағы 3 көшені кеңейту мен 2 көпірді күрделі жөндеу үшін 300 млн теңгеге жоба-сметалық құжаттардың әзірленуіне атсалысты.
- Тақырыпқа орай: Біздің «БЫВАЛЫЙ»
Бірінші кезекте облыс орталығындағы «Қожа Ахмет Яссауи көшесін Ә.Бөкейхан көшесінен Әйтеке би көшесіне дейін қайта жаңғырту» жобасының құжаттарын әзірлеуге керек қаржыны бюджеттен тыс көздер (демеушілер есебінен) арқылы шешуге өз үлесін қосты. Аталған жұмыстарды үйлестіру арқылы өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін дамытуда Балмейір Сансызбайұлының еңбегі бар», – депті Н.Нәлібаев.
Бұл туралы саясаттанушы, дипломат Қазбек БЕЙСЕБАЕВ былай дейді:
«Біз шынымен де таңғажайып елде тұрамыз. Ойлап көріңізші, БАҚ «Қызылорда облысының әкімі өзінің орынбасарын тағайындалғанына үш айдан енді асқанда шығарып салды» деп жазады. Жәй шығарып салмаған, құрметтеп шығарып салған.
Ол (Б.Сансызбайұлы – ред.) аз ғана уақыттың ішінде аймақтың дамуына шаршамай-талмай еңбек етіп, миллиардтардың бөлінуіне, жолдың жақсаруына, демеушілердің көмегімен көпірлерді жасатуға қол жеткізіпті.
Алдымен осы тізіп шыққандардың бәрі әкім орынбасарының тікелей міндеті екенін айтуымыз керек шығар.
Бұл – мұғалімнің бала оқытқаны, дәрігердің адам емдегені, жүргізушінің жолаушы тасымалдағаны секілді шаруа. Ал орынбасарының функционалды міндетін әкім әлдебір ерлікке балап отыр.
Оның қызметтен кету себебі не? Оқымақшы болыпты. Жақсы, бұл оның жеке шаруасы. Бірақ бір сұрақ туындайды: Онда не үшін тағайындаған?
Қысқасы, дәл осы мысал мемлекеттің басқару жүйесінің бүкіл «қан-жынын» ақтарып берді.
Елде шешілмеген проблема бастан асады, ал бұлар бізге спектакль қойып жүр...»
Н. Нәлібаев бір орынбасарын жұмыстан босатты да, іле-шала өзіне жаңа орынбасар тағайындап алды. Ол – Мейрамбек ШЕРМАҒАМБЕТ.
Бұл туралы әкімдіктің сайты былай деп жазды: «Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі және облыс әкімінің өкімімен 2022 жылдың шілдесінен бері Қызылорда облысының білім басқармасы басшысының қызметін атқарып келген Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлы меритократия қағидатына сәйкес облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
«Мейрамбек Зинабдинұлы аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен етене таныс, мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен. Басқарушылық лауазымдарда мол тәжірибе жинаған әлеуеті жоғары кадр.
Мейрамбек Зинабдинұлы жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім, ветеринария басқармаларына жетекшілік жасайтын болады. Осы ретте, Мейрамбек Зинабдинұлына жетекшілік ететін салалары бойынша тиісті жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді тапсырамын», – деді аймақ басшысы».
Өңірдегі тұрақты оқырманымыздың айтуынша, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кадр таңдауда меритократия қағидасына емес, туыс-туған, құда-жекжат, жерлестік қағидасына көбірек сүйенетін көрінеді.
Мәселен, жаңадан тағайындалған орынбасары Мейрамбек Шермағамбет әкімнің жерлесі екен – екеуі де Жаңақорған ауданының тумасы.
«Балмейір Сансызбайұлының қызметінен кетуі тегін емес. Қызмет еткеніне үш айдан енді ғана асқан орынбасарын әкімнің асыра мақтауы да күмәнді. Мұнда бір шикілік бар. Ел ағасы атанған Бердібек Сапарбаев өмірден озған соң Н.Нәлібаевқа ақыл-кеңес айтатын адам қалмады. Мына тірлігі де соған дәлел», – дейді тұрақты оқырманымыз.
Айтпақшы, өткен айдың басында оншақты сұрақты құлағынан тізіп, Нұрлыбек Машбекұлына жолдап жібергенбіз. Хатымыз діттеген адреске жетіпті, бірақ әлі жауап келген жоқ.