Қызылордада асық атудан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр
Жарысқа еліміздің 16 облысынан 130-дай спортшы келді,- деп жазды BAQ.KZ.
Алматы, NEGE. Қызылорда облысында 6 мыңдай жеткіншек ұлттық спорттың осы түрімен айналысып жүр. Олар бірқатар халықаралық жарыстар мен Азия біріншіліктерінде олжа салып үлгерген.
Айта кетейік, асық атудан Қазақстан чемпионаты Сыр өңірінде алғаш рет өтіп жатыр. Бұл чемпионатқа 2010 және 2012 жылы туған жасөспірімдер қатысуда. Қыздар «Бес асық» түрінен бақ сынаса, ұлдар «Бес табаннан» өзара мықтыны анықтап жатыр. Ептілік пен сергектіктен бөлек, есеп пен дәлдікке құрылған ойынға құмар ұл,қыздың шеберліктері тәнті етпей қоймайды. Қазіргі таңда елімізде асық атумен тұрақты түрде айналысатын спортшылар 70 мыңнан асқан.
Қазір еліміз бойынша 60-тан астам Қазақстанның және 8 халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алған спортшы бар екен. Бүгінгі жарыс нәтижелері бойынша Астана қаласы мен Түркістан, Қызылорда облыстарының спортшылары жалпы есепте алға шығып отыр. Дегенмен, командалар арасындағы ұпай айырмашылығы алшақ емес. Сондықтан топ басында әлі де өзгерістер болуы мүмкін. Жарыс жеңімпаздары ертең белгілі болады.