Қызылордада «Қорқыт Ата әуежайының» жаңа терминалы халықаралық талаптарға сай
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев атап өтті.
Алматы, NEGE. Терминалға «Болат Өтемұратов қоры» әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде 16 млрд 600 млн теңге инвестиция салды. Әуежайдың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына, автожол салуға, аумағын абаттандыруға, жарықтандыруға жергілікті бюджеттен 4 млрд 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.
Халықаралық талаптарға сай келетін жаңа нысанда ішкі және халықаралық рейстерге, транзиттік жолаушыларға арналған, CIP залдары, жүкті автоматты түрде беру жүйесі, «Duty Free» аймағы, сауда нүктелері, медпункт, кафе, ғибадат ету, жүк сақтау, ана мен бала бөлмелері бар. Екі қабатты ғимаратта сағатына 250 жолаушыға 10 төлқұжат бақылау кабинасы арқылы қызмет көрсетіледі.
Айта кетейік, «Қорқыт Ата әуежайы» соңғы 9 айда жолаушылар мен жүк тасымалында жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Қаңтар-қыркүйек айларында әуежайда 264 506 жолаушыға қызмет көрсетіліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға артқан. Сонымен қатар, осы уақыт аралығында рейстер саны 1420-ға жеткен. Бұл «Қорқыт Ата әуежайы» көрсеткіштерінің тұрақты өсімін және әуе тасымалының жоғары белсенділігін растайды.