Қызылорда облысында неше оқушы мектепке барды?
Қызылорда облысында 60 мыңға жуық оқушы мектепке барды. Республикалық бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, бала саны 300-ден аспайтын мектепте дәстүрлі түрде оқу процесі жүргізіледі.
Қызылорда, NEGE. Аймақта мұндай 121 білім беру нысаны бар. ІІ-оқу тоқсанының ерекшелігі кезекші топтарға 5-сынып қосылып, ата-аналардың өтініші бойынша 3 мыңға жуық кезекші топ ашылды. Ал жыл соңына дейін өңірдегі ауылдардың 80 проценті ғаламтор желісімен қамтылмақ. Қазалы ауданы Жалаңтөс батыр ауылындағы №103 мектепке 1-тоқсанда тек 60 бала ғана келіп оқыды. Енді 280-ге жуық оқушы түгел партаға отырады. Сыныптарда шахмат тәсілі бойынша әр партаға бір баладан отырады. Сабақтың уақыты 40 минут. Мұғалімдер бұрын бір мезгілде оқытып келсе, енді 2 ауысымдық оқу жүйесіне көшті. Сондай-ақ үйірмелер де өз жұмысын бастайды. Оқушылар мектепке кірерде 5 түрлі дезинфекциялық сатыдан өткізіледі.
6 мен 11-сынып оқушылары қашықтан оқу форматын жалғастырады. Үкімет резерві қорынан бөлінген қаржыға 22800 электронды құрылғы алынды. Бірінші кезекте оқу құралы жоқ 39 мың балаға компьютер таратылып берілді. «Білім лэнд» платформасы арқылы білім беру бойынша Әйтеке би кентіндегі №249 мектеп-лицейі республикада үздік онлайн мектеп болып танылды.
Облыс бойынша да «орта білім беретін үздік ұйым» атанған мектепке 17 миллион теңгенің гранты табысталып, сол қаржыға бейнесабақ түсіретін студия қондырғылары орнатылып жатыр. Енді оған сапалы интернет керек. Жалпы өңірде жыл соңына дейін 23 елді мекенде ұялы байланыс операторларының базалық станцияларын салу жоспарланып отыр. Сол кезде ауылдарды ғаламтор желісімен қамту 80 процентке жеткізіледі.