Қызылорда облысында кене шаққан төрт адам көз жұмды
Өңірде конго-қырым геморрагиялық безгегінен қаза болғандардың саны 4 адамға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алматы, NEGE. Олар маусым, шілде айларында ауруханаға түскен. Қайтыс болғандардың екеуі Жалағаш ауданының тұрғыны болса, қалғандары Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданынан. Өкінішке қарай қатерлі індеттен көз жұмғандардың бірі 17 жастағы жасөспірім. Ол егін даласынан үйіне оралғаннан кейін өзін жайсыз сезіне бастаған. Бірақ дәрігерге қаралмай үйінде бірнеше күн ем алған. Ауруханаға жеткізілгеннен кейін 6 сағаттан соң жан тапсырған.
Айта кетейік, облыс бойынша жыл басынан бері конго-қырым геморрагиялық қызбасының 31 күдікті жағдайы тіркелді. Оның он төрті эпидемиологиялық, клиникалық және зертханалық жолмен нақтыланды. Биыл кене шағу фактілері былтырғы жылмен салыстырғанда үш есеге артқан. Сонымен қатар кенелердің арасында ауру қоздырғышының анықталуы да өткен жылдан жоғары. Былтыр облыс бойынша 113 елді мекен қолайсыз аймақ қатарына қосылған болса, биыл олардың саны 116-ға артқан.