Құрылтай — 23 тамыз
USD
USD
USD

Қызылорда облысында белгісіз дерттен жылқы жаппай қырылып жатыр

Қызылорда облысының Жалағаш және Сырдария аудандарының шаруалары жылқылар арасында белгісіз дерт тарап жатқанын айтып, дабыл қағуда. Ветеринарлардың болжамы бойынша, жылқылар су ауруына шалдыққан. Алайда нақты диагноз қан сынамаларының қорытындысы шыққанда ғана белгілі болмақ.

ауру
Фото: pixabay.com

Астана, NEGE. Өңірде жылқы арасында ауру белгілері алғаш рет шілде айында байқала бастаған, деп хабарлайды «Информбюро».

Басы ісіп, жағы қисайып кеткен жануар бір уыс шөптің өзін шайнай алмайтын күйге түседі.

Сырдария ауданының тұрғыны Амандық Қиясовтың айтуынша, ауруға шалдыққан жануар бір аптаға жетер-жетпес уақытта өліп қалады. Соның салдарынан сырдариялық шаруа 5-6 жылқысынан айырылып қалған.

Кейбір шаруалар «үйір-үйір жылқымыз арам қатып, жайылым өлексеге толды» деп күйінеді. Алайда, шаруалардың сөзінше, арам қатқан мал санын есептеп жатқан маман жоқ, аурудың емі де табылмаған.

«Менен, шынымды айтайын, 20 бастан астам малым кетті. Малдан анализ алып, диагнозын қойса, бір бас малға 15-20 мың теңге болса да дәрісін алып салар едік қой. Оны да айта алмай тұр», – дейді Жалағаш ауданының тұрғыны Амангелді Жүсіпов.

Осыған қарамастан, ветеринарлар өңірде ахуалды тұрақты деп есептейді. Мамандар жылқы ішінде тараған аурудың түрін анықтау үшін сараптама нәтижесін күту қажет екенін айтады.

«Бұл жөнінде біз облыстық ветеринариялық басқармаға ауырған малдардың қан сынамаларын жолдадық. Енді біз зерттеу қорытындысын күтуіміз керек. Өзіміз "су ауруы" деп болжап отырмыз. Алдын ала екпе жасадық, қазір енді эпизотиялық ахуал тұрақты», – дейді Сырдария аудандық ветеринариялық станциясының директоры Нұрлыбек Дәулетбаев.

Сондай-ақ мамандар бұл жұқпалы ауру болмағандықтан, иесіне өтемақы берілмейді деп кесіп айтты. 

Қазір оқып жатыр

Қазақстанда 1 млн-нан астам адам баспанаға мұқтаж

Пәтер кілті

Қазақстанда ипотеканы кім көбірек рәсімдейді: ерлер ме, әйелдер ме?

Тұрғын үй

Жапаров Ташиевті президенттікке ұсынуды жоспарлағанын айтты

С.Жапаров пен Қ.Тәшиев

Ұлытау облысында заңсыз өндірілген марганец кені шетелге 1 млрд теңгеге сатылған

марганец кені