Қызылорда облысы әкімі лауазымына тағы кім үміткер болған?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының әкімі лауазымына Ардақ Зебешев пен Мұрат Ергешбаевты ұсынған.
Астана, NEGE. Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, ашық дауыс беру нәтижесі бойынша депутаттардың 81%-ы Мұрат Ергешбаевтың кандидатурасын қолдаған. Қалған депутаттар бұрынғы әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың орынбасары болған Ардақ Зебешевке дауыс берген.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Олжас Бектенов Қызылорда облысының активіне өңірдің жаңа әкімін таныстырып, Мемлекет басшысының атынан Нұрлыбек Нәлібаевқа «өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға қосқан елеулі үлесі үшін» алғыс білдірді.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Президенттің Қызылорда облысының жаңа басшылығына бірқатар басым міндет жүктегенін атап өтті: халықтың әл-ауқатын жақсарту, экономика салаларын әртараптандыру және цифрландыру, инвестиция тарту, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту сынды өзге де басым бағыттарға бағдарланған конституциялық реформаны іске асыру.
Айта кетейік, 8 мамырда Мұрат Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі лауазымына тағайындалды. Ол әр жылдары Қармақшы, Шиелі, Қазалы және Сырдария аудандарын басқарған және 2023 жылы AMANAT партиясының партиялық тізімі бойынша Мәжіліс депутаты болып сайланған.