26 Қаңтар 12:07

«Қызылдар» тобының қылмысы: Полицейді өлтіріп, жасырын жерлеген

Фото:

Қазақстандағы қылмыстық оқиғалар тарихында бұл қанды қылмыстың өз ерекшелігі бар. Өйткені жәбірленуші де, оны өлтірген қаскөйлер де, жұмбақ өлімді ашқандар да – полицейлер.

Осыдан тура 7 жыл бұрын, яғни, 2014 жылдың 24 қаңтарында Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының инспекторы Н.Демеуов із-түзсіз жоғалып кеткен еді. Жұмысынан оралмаған инспекторды алдымен әйелі жоқтаған. Осыдан соң іздеу жұмыстары басталады. Келесі күні полиция қызметкерінің өртеніп кеткен жекеменшік көлігі қала сыртынан табылды. Бұл Демеуовке әлдебіреулердің қастандық жасағанына айғақ еді. Осыдан кейін Қылмыстық кодекстің адам өлтіру бабы бойынша іс қозғалып, полицейлер аяғынан тік тұрды. Жоғалған әріптестерін іздеуге қаланың ғана емес, бүкіл Қызылорда облысының ішкі істер қызметкерлері жұмылдырылды.

Өртенген көлік. Фото: Қылмыстық істен

Дегенмен екі апта бойы іздеу жұмыстары еш нәтиже берген жоқ. Тек 6 ақпан күні ғана алғашқы куәгер табылды. Оның өзі автобуспен кетіп бара жатып, жоғалған адамға ұқсайтын кісіні көшеден көрген жасөспірім еді. Тағы бірнеше күннен кейін із кесушілер келесі куәгерді тапты. Оның айтуынша, қаңтардың 24-інен 25-не қараған түні ашық түсті джипке мінген екі полицей әлдебір автобус аялдамасын іздеп, бұдан жөн сұраған екен.

Куәгерлердің жауаптарын мұқият зерделей келе, із кесушілер ықтимал күдікті болуы мүмкін деген адамның үйіне келген. Расында, үй иесінің ашық түсті «Митсубиши Паджеро» автокөлігі бар еді. Ал күдіктінің өзі полиция подволковнигі Алданбек Орынбасар болып шықты. Алайда оның көлігінен ешқандай дәлел-дәйек табылмады. Есесіне, дәл сол 24 қаңтар күні  көлік иесі бір әріптесінің өтінішімен түн жарымда қала сыртына шыққанын мойындады. Әріптесі бұдан дөңгелегі жарылып, жолда қалған танысының көлігін шығаруға көмек сұрап, автобус аялдамасына келуін өтінген екен. 

Бұдан кейін екеуі көлік бұзылды делінген маңға барса керек. Бірақ әріптесі, полиция майоры Берік Шиманов мұны тоқтатып, көлік ішінде қалдырады да, өзі дөңгелек айырбастайтын кілтті алып, бұзылған көлікке кетеді. Сосын екеуі бірге қайтқан. Бірақ Орынбасар сол аралықта Шимановтың не істегенінен бейхабар екенін айтады. Осы жерде із кесушілердің көңіліне күмән кірген. Өйткені екеуі көлік жөндеуге бардық деген маңнан жоғалған полицейдің өртенген көлігі табылған болатын.

Алғашқы қабір қазылған сәт

Дегенмен Орынбасар да, Шиманов та өздерінің жоғалған полицейге еш қатысы жоқ екенін айтудан танбады. Алайда тергеушілер соңғысының берген жауаптарынан көбірек күдіктенді. Өйткені жоғалған Демеуов пен күдікті Шимановтың арасында бұрынан келе жатқан басараздығы бар екені бүкіл полицейлерге белгілі болатын. Осы аралықта тергеу бөлімінің басшылығына қылмыстың ашылуын тездететін тың ақпарат жетті. Тергеу тобы белгісіз адамның тапсырмасымен түнделетіп бейіт қазған бозбаланы тапқан еді. Бозбала полицейлерді бейітке бастап әкеліп, қазған жерлерін көрсеткен. Бірақ полицейлердің еңбегі еш кетті. Топырағы кеуіп үлгермеген жас қабірді ашқанымен, мәйіт табылмады. Қабір бос болып шықты.

Қабірдің бетін жапқан тақтай

Яғни, күдікке ілінген екеуге қатысты тек жанама күдіктен басқа ештеңе жоқ. Дегенмен жоғалған полицейдің мобильді телефонына түскен қоңырауларды тексеру кезінде тағы бір күдікті бой көрсетті. Ол – полиция аға лейтенанты Уәлихан Сыздықов еді. Ең соңғы қоңырау осы адамның нөмірінен түскен. Дереу жауап алынған лейтенант тергеу ісі үшін аса маңызды ақпарат жеткізді. Ол 24 қаңтар күні Демеуовті Шимановтың өтініші бойынша кездестіргенін мәлімдеді.

Бұдан кейін жоғалған полицейге Шимановтың тікелей қатысы барына із кесушілердің ешқандай күмәні қалмады. Бірақ айыбын мойнына қою үшін Демеуовтің не өзін, не мәйітін табу қажет еді. Күдіктінің үйі мен көлігіне жүргізілген тексерулер еш нәтиже берген жоқ. Осы аралықта із кесушілер базар маңында жалданып, жұмыс істейтін, әлдебіреудің тапсырысымен қаңтар айында ұрланып бейіт қазған тағы бір адамды анықтады. Оны жалдаған адам былай десе керек: «Жол апатынан досымның әкесі қайтыс болды, мәйіт жолда келе жатыр. Таңға дейін қабір дайын болуы керек».

Таңданарлығы сол, оның көрсеткен қабірі де бос болып шықты.

Әйтсе де бұл кезде полицейлер жіптің бір ұшын ұстағандай болған. Өйткені араздасқан екі әріптесін кездестірген Сыздықов кейін тергеуде біраз жайттың бетін ашты. Бұл Демеуовті жолықтырған сәтте Шимановтың қасында тағы бір адам болған екен. Олар мұны көліктен еріксіз түсіріп тастаса керек. Ол – Талғат Әлиев еді.  Алғашында бұлтармақ болған Әлиев өтірігінің өтпейтінін білген соң шынына көшті. Ол Демеуовті өлтіргендерін еріксіз мойындады. Тіпті оқиғаның қалай болғанын және қай жерде болғанын көрсетіп беруге дайын екенін мәлімдеді.

Шимановтың із кесушілерді тыңдаған байланыс құрылғысы

Оның сөзіне қарағанда, Шиманов екеуі Демеуовті өлтіруді қаңтар айының басынан жоспарлаған. Осы мақсат үшін Шиманов екі жаңа телефон сатып алып, Әлиев екеуі тек сол телефонмен ғана байланысып отырған. Ал рацияны соңдарынан түскен із кесушілердің не істеп, не қойғандарын біліп отыру үшін пайдаланған.

Ал оқиға болған күні бұл рөлде отырған Демеуовтің мойнынан қапсыра құшақтайды. Сол кезде қасындағы Шиманов оқ атқан. Сосын марқұмды өз көлігіне жатқызып, жолға шығады. Мәйітті өздері алдын ала 40 мың теңгеге жалға алған Тоқтаров көшесіндегі үйге апарады. Жуындырып, шайындырып, кебіндейді. Сыртын скотчпен орайды.

Шимановтың мәйітті қайда жерлегенін көрсетуге келген сәті

Бірақ Шимановтың мәйтті қай жерге көмгенін қасындағы сыбайласы Әлиев те көрмеген. Ол мұны әдейі көлікте қалдырып, өзі алдын ала қаздырған үшінші қабірге жерлеген.  Міне, осыдан кейін ғана түн жарымда Шиманов әріптесі Орынбасарға хабарласып, дөңгелегі жарылып жолда қалған танысының көлігін табуға көмек сұраған. Шын мәнінде, оның ешқандай да танысы жолда қалмаған. Бұл кезде Шиманов өздері қалдырып кеткен, марқұмның көлігін өртеп жіберу үшін жолға шыққан еді. Тағы бір қызығы, полиция қызметіндегі 11 жылдық тәжірибесін қылмыстық ізін жасыруға пайдаланған Шиманов дәл сол 24 қаңтар күні баласына той жасаған. Яғни, күдіктің өзіне ауарын сезген. Мен ол күні той жасап, қонақ күттім деп айту үшін қылмысты әдейі осы күнге жоспарлаған.

Шимановтың 40 мың теңгемен ұсталған сәті

Енді бір ғана сұрақ қалған секілді. Шиманов марқұмға не үшін өшікті? Оның дәл мұндай айуандыққа баруына не себеп? Бұрын Шиманов Қызылорда ҚІІБ Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімінде басшы болған. Демеуов осы бөлімде оның қарамағында жұмыс істеген. 2013 жылдың желтоқсан айында бірқатар полиция қызметкерлері Тәуелсіздік мерекесіне орай 100 мың теңгеден сыйақы алады. Бұл қатарда марқұм Демеуов те те бар еді. Бірақ бастығы оған: «Сені сыйақы алатындар тізіміне мен қосқанмын, сондықтан 100 мыңның 40 мың теңгесін маған бересің» деген талап қояды. Демеуов мұндай жөнсіз талаппен келіспеген. Сөйтіп, Қызылорда ҚІІБ-ның Өзіндік қауіпсіздік басқармасына арыз түсіреді. Ашкөз әрі арсыз бастық осылайша абыройдан жұрдай болып, қызметінен қуылған еді. Оның Демеуовке өшігуінің ең басты себебі осы болатын. 

Марқұмның мәйіті және оқтың орны

Шиманов 24 жылға, ал сыбайласы Әлиев 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленуші мен күдіктіні кездестіргенін жасырған Сыздықов және Шиманов көлік өртегенде оған жүргізуші болған Орынбасардың бас бостандықтары бір жылға шектелді.

Тегтер: