ҚЫЖЫРТПА. «Самұрық-Қазына» кімдікі?
Біздің халық та қызық қой негізі, қашан көрсең, қабақтары кіржиеді де жүреді. Тақ бір шенеуніктер бар байлықты бауырына басып алып, өздері жалаңаш қалғандай зар илейді. Сосын жөні түзу бірдеме көрсе болды, «Бұл кімдікі?» деп сұрайды. Кімдікі болушы еді, халықтікі де. Қазақстанда қандай байлық бар, соның бәрі – қарашанікі. Мысалы күні кеше ғана Елбасы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі Кеңестің отырысында «Самұрық-Қазынадағы» қор – халықтікі» деді. Түсінген адамға одан артық не керек енді?!
Өкінішіке қарай, мұны дұрыс түсінбейтіндер, түсінуге қабілеті жетпейтіндер жетіп-артылады. Солардың дені бізді мазалап жатыр: «Аттарың «Неге» ғой, енді мына «көп негеге» жауап беріңдер» дейді.
Сонда не дейді дейсіз ғой, бүй дейді: «Уикипедияда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ – әртүрлі саладағы мемлекеттік активтерді басқаратын холдинг. Холдингтің негізгі құрылтайшысы және иесі Қазақстан Республикасының Үкіметі» делінген. Халықтікі деген сөз жоқ. Ал үкіметтің жұмысын қадағалайтын адам – Қ.Тоқаев. Президенттік өкілеттігі тоқтаған соң Елбасы Қауіпсіздік кеңесін басқарып жүр. Ендеше, бұ кісінің қазына жақта не шаруасы бар?».
Осындай да сұрақ бола ма, енді? Құдай-ау, елдің қазынасына неге қарайламайды? Елбасы емес пе?! Жарайды, бұдан да ұғынықты қылып, түсіндіруге тырысайық. ЭКСПО-ның қызығы мен шыжығына "батып" кеткен Ермегияев есіңізде шығар. Сол кезде Елбасы көрегендік жасап, ЭКСПО-ға Есімовті апарған. Ахаң үмітті ақтады, ЭКСПО-ны еңіретіп тұрып өткізіп берді. Бірақ 2017-нің қыркүйегінде көрме бітіп, ел тарағанда Ахаң жұртта қалғандай күй кешіп еді. Екі қолын қалтасына салып, «Нұр-әлемді» айналсоқтап жүргенде, Елбасы оның қолына «Самұрық-Қазынаның» кілтін ұстатты. Енді мұнда тұрған не бар? Ахаң – Елбасының сенімді серігі. Туыстық жағынан да аса алыс емес. Қазынаның қақпағын осындай адам бақпағанда, енді қандай адам бағуы керек, деніңіз сау ма, өзі?!
Екіленген оқырман бұл жауабымызға қанағаттанбаған секілді. Ол енді екінші сауалын қойды: «Сен бала, былай қылшы, сөзді көбейтпей мынаны айт! Жаңаөзеннің жалыны ұрмағанда «Самұрық-Қазынаның» құлағында Құлыбаев отыра беруі мүмкін еді. Оның кім екенін өзің білесің. Ел-жұрт шулаған соң, Құлыбаевты алып тастады да, орнына Шөкеевті қойды. Бірақ көп ұзамай Шөкеевті де босатты, Есімовті әкелді. Ал енді мұнда не сыр бар?».
Негізі сөз ұғатын адам болса, мұның жауабын жоғарыда-ақ айтып тастағанбыз. Елбасы елдің қазынасына жаны ашыған соң, өзіне ең сенімді деген кісілерге сандықтың кілтін беріп отыр. Әйтпесе, «мә» деп кім көрінгенге ұстата салмай ма. Алайда мұны оқырманымыз онша ұға қоймаған тәрізді. Сондықтан оған басқаша түсіндіргіміз келіп, былай дедік: «Білерсіз, мүмкін білмессіз, Елбасымыздың «Алдымен экономика, сосын саясат» деген қанатты сөзі бар. Түсініп тұрсыз ба, «алдымен экономика»! Демек, экономиканың алдыңғы кісімен бірге жүргені дұрыс емес пе, қалай ойлайсыз, ал саясатпен қазіргі президент айналыса берсін!
Оқырманымыз нағыз пәлекеттің өзі болып шықты. Не дегеніне қарасаңызшы: «Самұрықтың халықтікі екені рас. Аңыз-ертегісі арқылы самұрық құс қазақтың санасына сіңіп кеткен. Оны енді ешкім де тартып ала алмайды. Ал енді анау қазынаңды қайдам»...
«Самұрық-Қазынаның» халықтікі екенін дәлелдеп әлі біраз дауласқымыз келген. Бірақ сөзді жіктеп сөйлейтін сұмпайылығынан тіксініп қалдық та, енді «сам ұрық» деп бердеме айтпай тұрғанда құтылайық деп, телефон тұтқасын тастай салдық...
Сансызбай Нұрбаба
Қазір оқып жатыр
«Псевдо ұлт деу – артық»: депутат Танакөз ақынның жазбасы жайлы
«Ертең мың адам тағы барады»: Депутат шетелде соғысқан қазақстандықтарға жазаны жеңілдетуге қарсы
Маңғыстаулық Ұлы Отан соғысының ардагері бейбітшілікті бағалап, болашақ үшін дұрыс таңдау жасауға шақырды
Ескертуді елеместен Таяу Шығысқа кеткен қазақстандықтар жауапқа тартыла ма?