Қыжыртпа. Нұр жауған күн

Жылда осы уақытта Ақорданың аспаны шайдай ашылып, көктен нұр құйылады. Мұндай ғаламат сәтті көрген де – арманда, көрмеген де – арманда! Ілгеріде тәуелсіздік қарсаңындағы игі шараны Елбасының өзі ашып, төсбелгілерді де өзі тапсыратын. Биыл президент Қ.Тоқаев табыстады.
«Ең алдымен, баршаңызды еліміздің ең басты мерекесі – қасиетті Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мерейлі мемлекет болғанымызға 28 жыл толды. Бұл – тарихи белестердің бастауы, ұлы мейрам. Бүкіл еліміз үшін бұдан асқан айтулы күн, маңызды мереке жоқ. Тәуелсіздік – ұлтымыздың баға жетпес байлығы», – деді Тоқаев салтанатты жиында.
Бірқатарына жеке-жеке тоқталмас бұрын біз де марапатталғандардың барлығын Nege.kz порталының атынан құттықтап қояйық.
Ендігі әңгіме былай: қуанышқа кенелгендердің бәрін тізіп шығу шарт емес, бірақ қай марапат сәтті шыққан деп ойлайсыз? Біздіңше, бәрі. Енді осылардың ішінен өте сәтті шыққандарын іздеп көрейікші. Алдымен ауызға ілігетіні – І дәрежелі «Барыс» орденін алған Сара Назарбаева. Алсын! Қазақстанды Орта Азияның барысы жасаймын деп отыз жылға жуық ел басқарған кісіні күтіп-баптаған адамға неге «Барыс» ордені берілмеуі керек? Өте орынды, әбден дұрыс. Тағы бір дұрыс жері, осы марапат арқылы «Ақорда мен «кітапхана» арасында тартыс жүріп жатыр екен» дейтін әңгімеге тосқауыл қойылды. Өйткені біреумен сөзі келіспеген адам оның әйеліне өлсе бірдеме бере ме?
Сәттінің көкесі – қарапайым жұмысшының да кеудесі жарқырады. Механизатор, шопан, жүк тасымалдаушы «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды. Енді биліктен мін іздегіштер «сөлкебайдың бәрін өздері бөліп апты» деп айта алмайды.
Иманғали Тасмағамбетовтің кіші қызы – София Тасмағамбетова «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды. Қазақстанның үздік 50 суретшісінің қатарындағы София мұндай марапатқа «Тасмағамбетов қызметтен кетеді екен» деген гу-гу әңгімеден кейін ие болғанын ескеріңіз.
Ерлан Қарин ІІ дәрежелі «Достық» орденімен, Берік Уәли «Құрмет» орденімен марапатталды. Төсбелгілері де өздеріне жарасып-ақ тұр. Бірі – президенттің кеңесшісі, екіншісі – баспасөз хатшысы. Біреулер «Ордендерді артық жасатып қойған шығар, сосын бекер тотқа жегізгенше, өз жігіттерімізге берейік деген шығар...» деп қыжыртып жүр. Дегенмен біз мұндай пікірлерге қосылмаймыз. Берілді, демек еңбегі бар. Қандай еңбегі? Бұл жағы құпия болуы да мүмкін ғой. Ал құпияның бәрі сәтсіз шығады деп Сізге кім айтты?!
Сансызбай Нұрбаба