28 Тамыз 13:57
...

Қыжыртпа. Қазақтың қамшысы қалай «үшінші дүниежүзілік соғыс» тудыра жаздады?

Фото:

Біздің биліктегі ағайындар да тыныш жүрмейді ғой, негізі. Трамптың кеңесшісіне қамшы сыйлап несі бар еді десеңізші. Қараптан-қарап отырып, үшінші дүниежүзілік соғыстың тұтануына түрткі бола жаздадық. Қамшы ұстап, қаны қызған Шон Лоулер «Үлкен жиырмалықтың» жиынына қатысса, не болар еді? Не болғаныңыз не, АҚШ пен Ресей басшысы алакөздесіп тұрғанда, бұл қазақтың қамшысымен Путиннің басынан тартып-тартып жіберуі мүмкін еді. Түсініп тұрсыз ба, қандай бәлеге душар бола жаздағанымызды?!

Қамшыгер Шон

Иә, күні кеше бүкіл әлем АҚШ-тың Мемлекеттік департаментіне қарасты хаттама басқармасына жетекшілік еткен Шон Лоулердің не үшін жұмыстан шеттетілгенін ұқты. Себебі Шон «батыр» қол астындағы қызметкерлеріне әдепсіз қылық көрсетіп, дауыс көтерген. Тіпті кейбіріне тақ бір ұрып жіберетіндей тұра ұмтылған. Былайша айтқанда, этиканы сақтамаған. Неге? Себебі Шон Лоулердің қолында қазақтың қамшысы болған. Өрме қамшының бүлдіргесін білегіне іліп алған ол аяқасты өзгеріп шыға келген.

Былай қарасаңыз, Шонды да түсінуге болады. Қолына қамшы ұстаған адамның этиканы ұрғаны бар ма? Ал одан зәбір көрдік дегендер үстінен арыз түсіріп, былай деп зарлап отыр: «Лоулер мырза қызуқанды болды, ақикөзденіп қағаздар мен папкаларды жиі лақтырды. Бірнеше қызметкер оның кеңседе қамшы сілтеп жүргенін көріп, зәрелері ұшты».

Енді мынаған назар аударыңыз: АҚШ-тың хаттама жетекшісі деген кім? Ол – мемлекеттік департаменттегі көптің бірі емес, лауазымды тұлға. Мемлекеттік және халықаралық дипломатиялық хаттамаға байланысты президентке және мемлекеттік хатшыға кеңес беріп отырады. Шон Лоулер 2017 жылы Сенаттың келісім ала отырып, Трамптың тағайуындауымен осы қызметке келген еді.

Міне, осындай адам «қамшы дауына» байланысты өткен жылы «Үлкен жиырмалықтың» жиыны қарсаңында қызметінен шеттетілді. АҚШ басшысы бұл басқосуға «қамшыгердің» орынбасары Мэри-Кейт Фишерді ертіп барды. Алдын ала жасалған келісім бойынша, Трамп осы жиында сегіз елдің басшысымен жеке-жеке кездесті. Оның қатарында Ресей басшысы Владимир Путин де бар.

Енді мына қызыққа қараңыз: қазақтың қамшысы АҚШ-та қайдан жүр? Әлемге тарап кеткен ақпарат бойынша, оны Қазақстаннан барған делегация Лоулерге сыйлық ретінде табыстаған. Көрдіңіз бе, мәселе қайда?!

Шонды шошаңдатқан қамшы кімдікі?

Ойымызға ілгеріде марқұм Жағда Бабалық атамыздың өз аузынан естіген мына бір әңгіме оралып отыр. Қазақ көшіп-қонып жүрген баяғы бір заманда, екі рулы елдің арасында дау туыпты. Себеп: көкпарда бір жігіт екінші жігітті қамшымен бір тартып, өлтіріп қойса керек. Құн даулағандар  оның қамшымен ұрғанына сенбей, «шоқпар сілтеді» деседі. Айыпты жақ «қамшымен ұрды» дейді. Төрелігін сұрағанда, би былай депті:

– Қамшы сілтегеніңе сенейік, батыр. Ана тұрған бураны қамшымен бір салып сұлатсаң, арың таза!

Әлгі жігіт атына міне салып, шауып барады да, бураны басынан осып жібереді. Жануар жығылған орнынан тұра алмай қалыпты. Барып қараса, түйенің басы маңдай тұсынан қақ айырылған екен.

Енді қараңыз, «Үлкен жиырмалықтың» жиынында осы түйенің орнында тырайып басқа біреу жатса, не болар еді? Қазақты құдай қақты деп отырғанымыз да міне, сондықтан.

Келесі әңгімеміздің жөн-жоралғысы қамшының қасиетіне байланысты. Сәбит Мұқановтың 60 жылдығында Кенен Әзірбаев мерейтой иесіне тұлпар мінгізіп, қолына күміс сапты қамшы ұстатыпты. Сәйгүлік мінген Сәбең көңлі тасып, көпке дейін атынан түспей қойса керек. Мұны көрген Хамит Ерғалиев қалжың үшін қамшыны ұрлап алып, Сафуан Шаймерденовтің көлігіне тықтырып қояды. Бірақ иесіне қайтаруды екеуі де ұмытыпты. Әне берем, міне береммен жүргенде, Сафуанның ұлы Саян төрде ілулі тұрған қамшының өрімін тарқатып, қайыс бауды конькиіне тағып алады. Сол Саян Шаймерденов кейін КСРО-ның жеті дүркін чемпионы атанған. Қаламгер ұлының бұл жетістігінің сырын Сәбең қамшысының қасиетінен көріп, аузынан тастамай үнемі айтып отырған көрінеді.

Ал енді қалай ойлайсыз, жеті атасы қайыс тіліп көрмеген Шон Лоулерге «қылық бітірген» қамшы кімдікі? Кімдікі болса да, тегін кісінікі емес. Тіпті батыр бабаларымыздың бірінікі болуы да мүмкін. Ендеше, мұндай қамшыны биліктегі бауырларымыз неліктен айдаладағы біреуге сыйлап жіберген?

Бұл сұрақты жауабын табу оңай: қатынының жетегінде жүргендер қамшының қадірін қайдан білсін?! Бұл енді келесі тақырыптың жүгі...     

Тегтер: