USD
USD
USD

Қыжыртпа. «Бала бағамыз ба, шошқа бағамыз ба?!»

Кеше ұлы бесін шамасында Nege.kz порталының телефоны шыр ете қалды. Тұтқаның ар жағындағы әйелдің ашулы екенін дауысынан білдік.

Қыжыртпа. «Бала бағамыз ба, шошқа бағамыз ба?!»
Фото: NEGE.kz

«Менің атым – Майра! Мен Сапардың әйелімін! Төрт баланың анасымын!», – деді ашулы дауыс.

«Қазір кімнің ашуы келмей жүр дейсіз, көп ашулының бірі болар» деп ойладық алғашқыда. Бірақ бұл ашудың жөні бөлек боп шықты. Төрт баланың анасы әрі Сапардың әйелі Майра мынадай қызық дерек айтты.

«Төрт балаға айына 44 532 теңге аламын. Сонда ай сайын әр балаға тиетіні – 11 133 теңге. Есептеп көріп ем, жылына бір балаға 133 596 теңге шығады екен. Ал енді бір шошқа асырасам, өкімет жылына 180 000 теңге беретін көрінеді. Сонда төрт бала баққан тиімді ме, әлде төрт шошқа асыраған тиімді ме? Бұл өкіметке бала керек емес пе өзі?!», ­– деді Сапар ағамыздың үйіндегі ашулы жеңгей.

Не деп ақталарымызды білмедік. «Біз сіз айтқан өкімет емеспіз ғой» деп жалтарайық десек, «БАҚ – төртінші билік» деп әр-әр жерде жазып жүрміз. Өзімізге ұят-ты.

«Төрт бала өскенде төрт құбылаңыз тең болады» деп айта жаздап, тілімізді тағы тістей қалдық. Төрт құбыла тең болуы үшін алдымен шиеттей төрт баланы бағып-қағу, оқыту-тоқыту керек екен ғой...

Бұрнағы күні Ауыл шаруашылығы министрлігі шошқаны сыртқы нарыққа шығару үшін, яғни етін шетелге сату үшін бағу қажет екенін айтқан. Олай болса, Майра жеңгемізге Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты НЕГЕ «ұстап беріп» құтылмасқа?! Тығырықтан шығар жол тапқандай болдық, әйтеуір.

С.Омаров

– ­Былай ғой, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров шошқаны шетелге сату үшін...

– Сен бала зуылдамай қоя тұр! Министрдің аты Сапархан дедің бе? Менің байыммен аттас екен өзі. Сапарханға сәлем айт, менің төрт баламды сол асырап жеткізсін. Ал мен оған төрт шошқа бағып берейін. Шетелге сата ма, өзі жей ме, онда шаруам жоқ! Ақшасын төлеп тұрса болды. Түсіндің бе?! – деп бір-ақ кесті.

Ашулы анадан: «Төрт баланы табарда өкіметпен ақылдастыңыз ба?», – деп сұрауға тағы дәтіміз бармады. Сондықтан да Сапардың үйіндегі жеңгейдің «бұйымтайын» Сапарханға жеткізіп құтылуды жөн санадық...    

Қазір оқып жатыр

Иран тағы бір елге Ормуз бұғазы арқылы өтуге рұқсат берді

Ормуз

Атырау облысында бір топ жігіт полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаған

Атырау

Түркістанда бірнеше күн бұрын суға батып кеткен 2 жасар қыздың денесі табылды

Маңғыстау

«Өрттен 18 адам қаза тапты»: Абай облысында жалған ақпарат таратқан тұрғын жауапқа тартылды

Ұялы телефон