Қыздар университетінде жаңа оқу корпусы пайдалануға берілді
Алматы, NEGE. Бұл туралы университет ректорының міндетін атқарушы Еркін Дүсіпов БАҚ өкілдерімен кездесуде айтты.
Журналистер жоғары оқу орнының ғимаратында аралап, зертханалар, мұражай, арт галереямен танысты.
Бұдан соң университеттің жаңа корпусына барды. 80 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті 1986 жылдан бері алғаш рет Алматы қаласының орталығында оқу ғимаратына ие болды. Мемлекеттен берілген оқу ғимаратының ауданы 12 мың шаршы метрден асады.
QyzPU ректорының міндетін атқарушы Еркін Дүсіпов оқу орнының жетістіктері мен даму болашағы туралы ақпарат берді. Сондай-ақ ректор орынбасары қонақтарды заманауи білім беру алаңдарымен, білім беру процесіне енгізіліп жатқан заманауи әдістермен таныстырып, алға қойған жоспарларды айта кетті.
«80 жылдық мерейтой қарсаңында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне жаңа оқу корпусының берілуі QyzPU ұжымы үшін тарихи оқиға болды. Жаңа ғимарат университетке шілде айынан бастап заңды түрде пайдалануға берілді.
Қазіргі таңда үшінші, төртінші, алтыншы қабаттарда хореография, педагогика, психология, тарих, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша оқу процесі жүріп жатыр. Болашақта магистранттар мен докторанттарды да осы ғимаратта оқытуды жоспарлап отырмыз. Білім ордасында жалпы саны 12005 студент бар. Биыл 1 курсқа 5000-ға жуық студент қабылданды. Білім алушыларға жағдай жасау – біздің міндетіміз. Алдағы уақытта жаңа ғимарат заманауи құрал-жабдықтармен толығады», – деді проректор.