11 Қазан 14:50
...

Қыз Жібек, Қамар, Баян сұлудың сөмкелері: Шағын несие алған тігіншілер кәсібін қалай жүргізіп отыр?

Фото:

Елімізде бірнеше бағыт бойынша кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік жобалар бүгінгі таңда жемісін бере бастады. Мәселен, жеке кәсіп бастаймын деген іскер жастарға жәрдемдесу мақсатында 2,5%-дық несие беріліп келе жатқаны белгілі.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы берілетін несие бағдарламасына 35 жасқа толмаған жастар қатыса алады. Несиенің ең жоғары сомасы – 5 млн теңгені құраса,  сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-дан аспайды. Кредиттеу мерзімі мал шаруашылығына – 7 жылға дейін деп қарастырылса, өзге мақсат үшін – 5 жыл. Сондай-ақ өтінім берушілерге кепіл қою міндетті саналады.

Мысалы, несие алушының өз атында мүлкі болмаса, кепілге жақын туысының үйін немесе көлігін қою мүмкіндігі қарастырылған. Бұл ретте мүлік иесінің жазбаша келісімі, яғни сенімхаты қажет болады. Осы шағын несиеге қол жеткізіп, кәсібін дөңгелеткендердің  алғашқы сабында «Ақтолқын Fashion» тігін цехы бар.

Мемлекет тарапынан берілетін шағын несиге бар-жоғы екі айдың ішініде  қол жеткізген мекеме ұлттық құндылықты насихаттау арқылы нарыққа енді. Ақтолқын Орынбекқызы басқаратын орталық кәсібін ою-өрнекпен безендірілген сөмкелер тігуден бастаған. Өндіріс ошағының әйелдерге арналған әдемі аксессуарларын шоу-бизнес пен мәдениет саласындағы қыз-келіншектердің қолынан жиі көруге болады. Бірақ  бұл тауар кез келген жанның  қалтасын көтере бермейді дегенді білдірмейді.

«Егер біз сөмкелерімізге аспандаған баға қойсақ, тұтынушы табуымыз екіталай болар еді. Сондықтан барлық арулардың сатып алуына мүмкіндік бар», – дейді Ақтолқын Орынбекқызы.

Цехта бар-жоғы үш маман жұмыс жасайды: дизайнер, тігінші және жұмыс көзін үйлестіруші басшы. Бірақ жасап жатқан жұмыстары бір түйенің жүгін арқалайды дерсің. Мәселен, мұнда сөмкеден өзге сұранысқа орай кимешек, ою-өрнекпен безендірілген бешпет, тіпті қазақы нақышта тігілген жастыққа дейін көзге түседі. Сырттан келетін тапсырыстардың арта түсуіне байланысты тігіншілерге түннің бір уағына дейін  шеберханадан шықпауға тура келетін көрінеді. Десе де олар тігін машиналарына қолжеткізген соң сұранысты орындау мүмкіндігіне ие болған.

«Алғашында қарабайыр тұрмыстық тігін машинасына телміріп отыратын едік. Үкіметтен алған бес млн қаражатқа қол жеткізген соң Қытайдан кесте тігу және сублимация жасау машинасын алдырттық. Бірінің бағасы – 3,5 млн, бірі – 1,5 млн шамасында. Яғни, бұрын күніне 6-7 сөмке тіксек, қазір өнім көзі екі есеге артты.  Бұл тапсырысты толығымен орындауға мүмкіндік береді», – дейді шеберхана басшысы.

Бір қызығы, ел танитын тігінші болу Ақтолқынның үш ұйықтаса түсіне де кірмепті. Ісмер болуына кезіндегі карантин түрткі болса керек. Әуе компаниясының кассасында жұмыс жасаған ол індет кезінде екі қолға жұмыс таппай отырып қалғанын айтты. Сөйтіп, кәсіп көзін табуды ойластырып, отандық нарықта сирек кездесетін тауарларға талдау жасаған. Салт-дәстүр мен ұлттық құндылықты жоғары қоятын ол соңында Қамар сұлу, Баян сұлу, Қыз Жібек сынды қазақ аруларының бейнесін беретін әдемі сөмкелер жасауды жөн деп тапқан.

Тігін цехының сөресінде тізілген заттардың  барлығы дерлік көздің жауын алады. Алыс-жақын шетелдік тұтынушыларға ұялмай көрсету мақсатында әр сөмкенің ішіне және олар салынатын түссіз қораптардың тысына «Қазақстанда жасалған» деген заттаңба жапсырылған. Мұны өндірушілер еліміздің атын асқақтата түскісі келетіндіктерімен байланыстырады.

«Егемендік алған отыз жылда Қытай тауарларын тұтынумен келгеніміз жасырын емес. Қазақтың өз сөмкесі соның ығында қалды. Ал қоғамда әйел мен сөмке ұғымы қатар жүреді. Өйткені нәзік жан иелері жағатын опа-далабы мен ұялы телефонын үнемі өзімен алып жүретіні сөзіз», – дейді Ақтолқын Өтепова.

Тігіншілерге дүкен ашу жағы қиындық тудырып отырғандықтан, тауарларын әлеуметтік желі арқылы жарнамалауға тура келеді екен. Айтуларынша, қазіргі таңда қазақы нақышта ою-өрнекпен безендірілген сөмкелерге сұраныс көп. «Соңғы рет Кореядан 12 сөмкеге таптырыс түскенде, қуанышымызда шек болмады»,– дейді. Сондай-ақ сән индустриясының отаны Италия мен Германияның сәнсүйер аруларынан да тапсырыс жиі түсетін көрінеді.

Қазіргі таңда жастар арасында иыққа асатын жеңіл сөмкелердің  трендке айналғанын алға тартқан дизайнер Бақтияр Мадияр енді ою-өрнек және зергерлік моншақтармен безендірілген шоперлер шығарсақ деген ниеті барын жеткізді.

Төмен пайызды мемлекеттік несие алып кәсібін дөңгелеткен тігін цехының тыныс-тіршілігі осындай. Осы ретте ұлттық құндылықты насихаттасақ деген шағын мекеме мамандарының арманы да жоқ емес. Ендігі мақсат – алда тағы тігін машиналарын алып, өндірісті кеңейту. «Біз құлашымызды кеңейте түссек, инеден түйін түйген өзге де қыз-келіншектерге жұмыс көзі табылары анық», – дейді ісмер Рита Қазтайқызы.

Өткен жылы «Шабыт» шеберлер фестивалінде өнімдері үздік деп танылған тігіншілер сөмкелерін әр қазақ қызының қолынан көргенін қалайды. Осы ретте жеке дүкендері болса деп армандайтындарын алға тартты.

«Енді осы айтылған мәселелер шешімін тапса, біз сырттан келетін тауарлармен бәсекеге түсуге төтеп беретін едік», – деп сөзін түйіндеді цех басшысы Ақтолқын Орынбекқызы.

Тегтер: