4 Желтоқсан 14:12
...

«Қыз – тауар емес»: Депутаттар қыз алып қашу мәселесін көтерді

Қыз алып қашу
Фото: фильмнен кадр

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар қыз алып қашу мәселесін көтерді. 

Алматы, NEGE. Мұрат Әбенов пен Еділ Жаңбыршин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан сөзін еске салды. Президент «елімізде қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар, бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті, масқара тірлік» деген болатын.

– Өткен аптада мен Астанадағы оқу орындарының студенттерімен кездестім. Студенттер маған видеоролик көрсетті. Видеода қыз баланы алып қашып, қасында бір адам оны көндіріп отыр. Қызға «өз еркіммен келдім» деп жаз деп мәжбүрлеп отыр. Оны Тик-токта барлығы айтып, мазақ қылып жатыр. Бұл дегеніміз нағыз құқық бұзушылық. Бірақ, оған ешкім мән беріп жатқан жоқ. Қыз балаларды мазақ қылады. Белгілі әншілер қазір осы тақырыпта сахнада ән айтып жүр. 

Белгілі әншілер қазір сахнада осындай әндер айтып жүр. Оны теледидардан көрсетеді: «Алып қашам, Мейлі олай қалама. Келін қылам сені қалай да анама», - деп шырқап жүр. Екінші әнші айтады: «Көресің, Менің үйіме барасың! Басыңа аппақ орамал тағасың,  Көндірем, Көнесің! Қыз болып келесің, Келін болып қаласың», – дейді.

Осындай мәжбүрлеуді теледидар арқылы насихаттап жүрміз. Мұндай контентке тыйым заңмен тыйым салу керек. Өздеріңіз де білесіздер, бұл мәселені Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы да көтерді, – деді депутат Мұрат Әбенов.

Еділ Жаңбыршин әріптесінің пікіріне қолдау білдірді.

– Маңызды заңды қарап жатырмыз, мен қолдаймын. Қыздардың тәрбиесіне, білім алуына ден қойып отырмыз. Әбенов мырзаның көтеріп отырған мәселесін дұрыс деп есептеймін. Әке-шешесімен келіспей, қызбен сөз байласпай, көшеден көрінген адам басып алып кететін тауар емес, зат емес. Ол – адам. Бұл жағдай оның тағдырына әсер етеді. Басқа ұлттың біреуі жасамайды. Жасап жүрген өзіміз. Менің үш қызым бар, мысалы. Алдымыздан өтіп, құда түсіп алғанын бәріміз де жақсы көреміз. Ал мынау қоғамдағы үлкен дерт. Үлкен мәселе. Бұған қылмыстық жауапкершілік қарастыру керек, – деді депутат.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов тиісті нормаларды заңнамалық деңгейде енгізу қажеттігі туралы ұсыныстарды қолдады.

– Біздің депутаттар өте өзекті мәселені көтеріп отыр. Бұл қоғамдағы «айғайлап тұрған» мәселе. Бұл туралы президенттің де тиісті тапсырмасы бар. Өкінішке қарай, оның орындалуы аяғына дейін жеткен жоқ. Бүгінгі заң аясына бұл келмейді, бірақ алдағы уақытта Қылмыстық кодексті қарайтын отырыста қарау керек деп ойлаймын. Бұл мәселеге тек моральдық тұрғыдан емес, заң тұрғысынан де баға берілуі тиіс, – деді Мәжіліс төрағасы.