USD
USD
USD

Қытайлық Temu маркетплейсіне Швейцарияда сатушыларға қысым көрсетті деген айып тағылды

Қытайлық Temu маркетплейсі Швейцарияда сынға қалды. Платформаға жергілікті сатушылар мен сатып алушылар наразылық білдірді.

Temu
Фото: Фото: depositphotos.com

Астана, NEGE. Temu бөлшек сауда өкілдеріне өз платформасында тауар сатуға мүмкіндік беретін «Жергілікті сатушыларға арналған» бағдарламасын іске қосқан. Швейцарияда бұл жоба 2025 жылдың қыркүйегінен бері жұмыс істеп келеді. Бастапқыда кәсіпкерлерге интернет-дүкенмен серіктестік ұсынып, тұрақты сатып алушылар ағыны мен тиімді шарттарға уәде берілген. Алайда Temu-мен жұмыс істей бастаған сатушылар көп ұзамай айтылған уәделердің орындалмағанын жеткізді.

Үйге және демалысқа арналған тауарларды сататын Даниэль Лаупер Швейцарияның қоғамдық телерадиокомпаниясы SRF-ке Temu сатушыларды бағаны төмендетуге мәжбүрлейтінін айтқан. Оның сөзінше, платформа кәсіпкерлерге тауар бағасын 40 пайызға немесе одан да көп арзандатуды талап етіп, үнемі хабарлама жібереді. Сатушы талапты орындаудан бас тартса, Temu оның тауарларын сатып алушыларға бұдан былай сирек көрсететінін ескертеді.

Лаупер тауарды жеткізу талаптарының да тым қатаң екенін айтады. Temu ережесіне сәйкес, сатушы тауарды сатып алушыға 1-2 күннің ішінде жеткізуі керек. Белгіленген мерзімнен кешіккен жағдайда кәсіпкер 6 АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлейді.

Швейцарияның Handelsverband.swiss сауда қауымдастығы да Temu-ға қатысты мәселе көтерді. Қауымдастықтың айтуынша, сатушы швейцариялық болған жағдайда өнімнің қауіпсіздігі мен оған қатысты жауапкершілік Швейцария заңнамасына сәйкес реттеледі. Ал сатушы Қытайда орналасса, Қытай заңнамасы қолданылады. Мұндай жағдайда тауардың Швейцариядағы қауіпсіздік талаптарына сай болуы міндетті емес.

Temu Еуропадағы қоймаларын да пайдаланады. Платформада мұндай қоймалардан жіберілетін тауарлардың барлығы «жергілікті» деп белгіленеді. Алайда бұл белгі тауарды швейцариялық компания немесе кәсіпкер сатады дегенді білдірмейді. Қандай да бір мәселе туындаған жағдайда бұл тұтынушыларға қиындық тудыруы мүмкін. Себебі тауардың сапасы мен қауіпсіздігіне маркетплейстің өзі емес, өндіруші жауап береді.

«Даулы жағдай туындаса, швейцариялық тұтынушының ешқандай мүмкіндігі қалмайды», – дейді Эггер.

Ол Temu-дің осындай жолмен жұмыс істеуін Швейцария заңнамасын айналып өтудің амалы деп бағалады.

Швейцария билігі қытайлық маркетплейстердің ел нарығындағы ықпалын шектеуге тырысып жатыр. Биыл жазда бұрын баж салығынсыз әкелінетін шағын сәлемдемелерге салық енгізу туралы шешім қабылданды. Алайда жаңа салық 2028 жылдан бастап күшіне енеді.

Ал Еуропалық одақта Temu сияқты платформалардан келетін арзан тауарларға қосымша салық енгізілді. Франция да жылдам сән индустриясына арнайы салық салды. Жаңа заңдағы «жылдам сән» санатына Temu мен Shein сияқты қытайлық маркетплейстер де кіреді.

Қазақстанда әзірге құны 200 еуродан төмен сәлемдемелерді баж салығынсыз әкелуге болады. Яғни Temu сияқты қытайлық ірі маркетплейстер тауарларының бір бөлігін Қазақстанға баж салығын төлемей жеткізе алады.

Бұған дейін «Ақ жол» партиясының экс-төрағасы Азат Перуашев шетелдік және қазақстандық маркетплейстердің жұмыс жағдайы бірдей емес екенін айтқан. Оның пікірінше, қазақстандық компаниялар салықтардың толық көлемін төлесе, шетелдік платформалар салыстырмалы түрде аз мөлшердегі «Google салығын» ғана төлейді. Бұл отандық кәсіпкерлер мен шағын және орта бизнес үшін қолайсыз жағдай қалыптастырады.

Қазір оқып жатыр

Жаңаөзен әкімінің бұрынғы орынбасары ауруханаға демеуші бөлген қаржыны жымқыру ісі бойынша тексерілуде

ҚМА қызметкерлері мен күдікті

Елена Рыбакина US Open финалына шықты

Елена Рыбакина

«Оземпик», «Мунджаро»: арықтататын препараттардың пайдасы мен қаупі қандай?

Оземпик

Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ішкі істер министрлерімен кездесті

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ішкі істер министрлерімен кездесу