Қытайға тартылған мұнай құбырларындағы артық мұнай есептелмей, 3 млрд теңгеге жуық салық кем түскен
Бас көлік прокуратурасы «Кеңқияқ – Құмкөл» және «Атасу – Алашанкоу» магистральдық құбырлары арқылы мұнай тасымалдау кезінде салық заңнамасы бұзылғанын анықтап, бюджетке 3,3 млрд теңгеден астам қаржының түсуін қамтамасыз етті.
Астана, NEGE. Қадағалаушы орган тасымалдау кезінде технологиялық ерекшеліктер мен өлшеу қателері салдарынан пайда болған артық мұнай бухгалтерлік есепте толық көрсетілмегенін анықтаған. Соның салдарынан активтер құны төмендетіліп, салық міндеттемелері тиісті деңгейде орындалмаған.
Бас көлік прокуратурасының ұсынуы бойынша Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп заңбұзушылықты жойды.
«Атап айтқанда, түгендеу қорытындысы бойынша бухгалтерлік есепке 92 мың тоннадан астам мұнай қойылды. Салық есептілігіне түзетулер енгізіліп, оның нәтижелері бойынша 2,9 млрд теңге мөлшерінде корпоративтік табыс салығы есептелді», – делінген прокуратура хабарламасында.
Бұған қоса мүлік салығы бойынша бюджетке өсімпұлды қосқанда 300 миллион теңгеден астам қаржы түсті.