Қытайдың Таншань қаласынан Астана қаласына LRT вагондарының алғашқы екі құрамы жөнелтілді

Қытайдың Таншань қаласында Астана қаласына арналған LRT вагондарының алғашқы екі құрамын жөнелту рәсімі өтті.
Алматы, NEGE. Қазақстан тарапынан шараға «City Transportation Systems» ЖШС Басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев қатысты. Қытай тарапынан «CRRC Tangshan Co., Ltd» жылжымалы құрамды өндіруші зауыттың Басқарма төрағасы Чжоу Цюннянь және бас мердігер CRAEC компаниясының бас директоры Чжоу Хайвэй қатысты.
Таншань қаласындағы зауытта жоба аясында барлығы 19 бірлік жылжымалы құрам өндіріледі.
Заманауи, төрт секциялы, жүргізушісіз жүретін, автоматтандырудың төртінші деңгейіндегі вагондардың әрқайсысы 650 жолаушыға дейін сыйдыра алады.
Өндіріс 1881 жылы құрылған Қытайдың теміржол саласындағы ең ірі әрі көне кәсіпорындарының бірі — «CRRC Tangshan» зауытында жүзеге асырылады.
Астанаға алғашқы екі құрамды жеткізу 2025 жылдың маусым айына жоспарланған. Қалған 17 құрам осы жылдың соңына дейін жеткізіледі. Желіні сынақтан өткізуді бастау қыркүйек айына жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта Астанадағы LRT жобасы аясында құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталды. Жол төсеу, станциялар қасбетін монтаждау, эстакаданың тіректері мен арқалықтарын сырлау, сыртқы инженерлік желілерді қосу, эстакада асты аймағын абаттандыру және депо құрылысы жұмыстары жалғасып жатыр.