9 Қаңтар 10:09

Қытайдың Қазақстанға қатысы бар шендісі ұсталды

CNPC
Фото: Фото: ғаламтордан

CNPC (China National Petroleum Corporation) корпорациясының бұрынғы вице-президенті Сюй ВЭНЬЖУННЫҢ «пара алды» деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды. Бұл туралы «Синьхуа» агенттігі хабарлады.

Мұнай өндіретін аса ірі корпорацияның бұрынғы вице-президентінің ісін Қытайдың қадағалау комитеті тергеп-тексеріп жатыр. Вэньжунның үстінен іс қозғалып қана қоймай, Коммунистік партиядан да шығарылған және дүние-мүлкі мен ақшасы тәркіленген.

«Тергеу кезінде Сюй Веньжунның түрлі тексерулерге кедергі келтіргені, ақшалай сыйлықтар алғаны, жеке басына пайда әкелетін банкеттерге барғаны, үшінші тұлғалар үшін қызмет бабын асыра пайдаланып, сол үшін аса ірі көлемде ақшалай сыйлықтар алғаны белгілі болды», – деп хабарлады тергеу органы.

Ал енді Сюй Веньжунды Қазақстанмен не байланыстырады?

Веньжун 2016-2020 жылдары CNPC корпорациясында директорлар кеңесінің мүшесі болды. Осы мерзім аралығында ол Қазақстанға бірнеше мәрте келіп, кен орындарын аралаған.

Веньжун
Сюй Веньжун. Фото: ғаламтордан

Бұл туралы корпорация былай деп жазған: «Мұнай компаниясының вице-президенті жұмыс барысымен танысып қана қоймай, жұмыс жағдайына да қызығушылық танытты, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жұмысшыларының жағдайын көрді. Сондай-ақ алдағы жоспарларды нақтылап берді».

Қытайдың аса ірі мұнай-газ корпорациясы әлемнің 37 елінде жұмыс істейді. Бұлардың ішінде Қазақстан да бар. 

CNPC Қазақстанға 1997 жылы келді. 20 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстанның мұнай-газ өндірісіне 45,7 млрд доллар инвестиция салған. Қазір Қазақстанда CNPC-тің қатысуымен жеті мұнай өндіру жобасы, екі мұнай құбырын тарту жобасы жасалып, мұнай өңдейтін және үлкен диаметрлі құрыш құбырлар шығаратын зауыт жұмыс істеп жатыр.

CNPC
Фото: Ақорда

Өткен жылы мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға жасаған мемлекеттік сапары барысында CNPC корпорациясының басқарма төрағасы Дай Хоулянды қабылдап, әріптестік жайын талқылаған. 

Жемқорлықпен ұсталған Сюй Веньжун Қазақстандағы жобаларға қатысты жемқорлық әрекеттер жасаған-жасамағаны тергеу кезінде анықталатын болады.