Қытай мен Непал шекарасында жоғалып кеткен қазақстандықтардан әлі хабар жоқ – СІМ
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қытай мен Непал шекарасында болған жойқын су тасқыны кезінде хабар-ошарсыз кеткен қазақстандықтарға қатысты пікір білдірді.
Астана, NEGE. Ведомствоның ресми өкілі Жанболат Үсенов Қазақстан азаматтарын іздеу жұмысы әлі жалғасып жатқанын хабарлады.
«Өкінішке қарай, қазіргі уақытта оларға қатысты ешқандай жаңалық жоқ. Біздің дипломаттар жергілікті билік органдарымен жұмысын жалғастыруда. Іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың отбасымен байланыс орнаттық», – деді Үсенов брифингте.
Еске салсақ, 26 тамызда Непалдың Тибетпен шекаралас аумағында сел жүріп, жойқын су тасқыны болды. Непалдың сыртқы істер министрінің мәлімдеуінше, елде кенеттен болған су тасқынына жердің опырылуы себеп болған. Ал оған сәрсенбі күні таңертең, жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 8:37-де тіркелген жер сілкінісі әсер еткен.
Бастапқыда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Непалдағы су тасқынынан зардап шеккен немесе хабар-ошарсыз кеткендер қатарында Қазақстан азаматтары жоқ екенін хабарлағанымен, артынша үш қазақстандық турист жоғалып кеткені мәлім болды.