25 Желтоқсан 15:13
...

Қытай Қазақстандағы еңбек мигранттары бойынша көш бастап тұр

китай
Фото: pixabay.com

Қазақстанда еңбек ететін шетелдік азаматтардың саны 14 мыңнан асты. Олардың басым бөлігі Қытайдан келген және құрылыс, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында жұмыс істейді.

Астана, NEGE. Қазақстанда 14 103 шетел азаматы жұмыс істеп жатыр. Шетелдік жұмысшылардың ішінде 537-сі компания жетекшілері мен олардың орынбасарлары, 2 244-і бөлімше басшылары болып жұмыс істейді.

Қалған шетелдік жұмысшылардың көбі тәжірибесі бар қарапайым мамандар. Олардың ішінде 3 784 қатардағы қызметкер және 1 271 білікті жұмысшылар санатына кіреді. Сонымен қатар, 2 299 адам маусымдық жұмыстарға тартылған, ал 3 970 маман өз компаниясы шеңберінде уақытша ауысыммен еңбек етеді.

Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1 817 жұмыс беруші бар. Олар 334,4 мың қазақстандықты жұмыспен қамтып отыр. Бұл жалпы қызметкерлердің 96%-ын құрайды.

Ең көп шетелдік қызметкер құрылыс саласында тіркелген. Онда 4 993 адам еңбек етеді. Ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығында – 2 316 адам, тау-кен өндірісі мен карьерлерде – 1 235, ал өңдеу өнеркәсібінде – 1 155 адам жұмыс істейді.

Шетелдік еңбек мигранттарының басым бөлігі Қытайдан – 5 604 адам, Өзбекстаннан – 2 110, Түркиядан – 1 036, Үндістаннан – 943 адам келген.

Еліміздің ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында министрлік жыл сайын шетелдік мамандарды тартуға квота, яғни шектеу белгілейді. 2025 жылы бастапқы квота 14,8 мың адамға қойылған болса, кейін өңірлердің сұранысына қарай 16,5 мыңға көбейді, ал тамызда 19,4 мыңға дейін көтерілген. Қазір квота 16,7 мың адамға қысқартылды.