Қытай халқы қазақ халқына ешқашан ешқандай зиян келтірген жоқ – Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумында сөз сөйледі.

Астана, NEGE. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен мәңгі достық байланысты нығайту Қазақстанның сыртқы саясатындағы ең маңызды мақсаттарының бірі екенін атап өтті.
«Ортақ тарихымызға үңілсек, Қытай халқы біздің халқымызға ешқашан ешқандай зиян келтірген жоқ. Қос халық өзара сыйластық пен қолдау аясында көп жыл бойы бірге өмір сүрген», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, қазіргі тұрақсыз заманда Қазақстан мен Қытай сенімді серіктестер ретінде қоян-қолтық бірге әрекет етіп, сан алуан сын-қатерлерге тойтарыс беруі керек. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев қытай мақалын мысал ретінде келтіріп өтті.
«Қытай тілінде мынадай мағыналы мақал бар:人心齐,泰山移, яғни: "Біз бәріміз біртұтас болсақ, биік Тайшань тауын да орнынан қозғай аламыз". Қазақстан мен Қытай – екі дос, көршілес ел болып, әрбір істі ойдағыдай жүзеге асырады деп сенемін», – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бүгін Алматыда «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы өтті. Жиын басталмас бұрын форум қонақтары Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті.




