Қытайда 100 адамның 3-еуі ғана жұмыссыз
2019 жылдың қорытындысы бойынша, Қытайдағы жұмыссыздық деңгейі 3,62% болған. Бұл туралы бүгін ҚХР мемлекеттік статистика басқармасына сілтеме жасай отырып «РИА Новости» хабарлады.
Алматы, NEGE. Ресми болжам бойынша, 2019 жылдың соңына қарай қала тұрғындары арасындағы жұмыссыздық деңгейі шамамен 4,5% болуы тиіс екен. Соған орай өткен жылы Қытай үкіметі 11 миллионнан астам жұмыс орнын құруды көздеп, тиісті шараларды қолға алған.
Осылайша, өткен жылдың соңында жұмыспен қамтылған халықтың жалпы саны 774,71 миллион адамға жетіпті. Оның 442,43 миллионы – қала тұрғындары. Жаңа ашылған жұмыс орындары жоспарланғандай 11 миллион емес, 13 миллионнан асса керек.
1,3 миллард халықты асырап отырған Қытайда жұмыссыздық дегеніңіз жылдан жылға азайып келе жатыр. Мәселен тіркелген жұмыссыздық деңгейі 2018 жылы 3,8% болған. Ал өткен жылы - 3,62% .
Осыған қарап, 18 миллион халқының екі қолына бір күрек тауып бере алмай жүрген қазақ билігіне қалай ғана таңданбайсыз?!