Қыста ұзақ демалған балалар көктемгі каникулда оқи ма? Министрлік жауап берді
Қаңтар айының басында елдегі тәртіпсіздікке байланысты мектеп оқушыларының демалысы бір аптаға ұзартылды. ҚР Білім және ғылым министрлігі "Қысқы каникулдың ұзаруы көктемгі және жазғы демалыстарға әсер ете ме?" деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Алматы. NEGE. «Қысқы демалысты бір аптаға ұзарту демалыстардың ұзақтығына әсер етпейді. Қысқы каникулдың ұзаруына байланысты жоғалған оқу бағдарламасы төртінші оқу тоқсанында жүзеге асады. Мұғалімдерге оқу бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ұсыныстар беріледі», - деді Білім және ғылым министрлігіне қарасты Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.
Сондай-ақ Мектепке дейінгі және орта білім комитеті балаларға арналған жазғы мектептер ұйымдастырылатынын айтты.
«Мұғалімдер білім берудегі олқылықтарды толтыру үшін оқушылармен қосымша сабақтар ұйымдастыруға дайын. Бізде жазғы мектептердің оң тәжірибесі бар. Биылғы жылы барлық оқу орындарында тегін жазғы мектептер жұмысын ұйымдастыру жоспарлануда. Жазғы мектептер оқушыларға жеке пәндер бойынша білімдерін толықтыруға көмектеседі» - деді Гүлмира Каримова.