Қисайған үйде түнеді

Алматы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев «Зерделі» шағынауданында орналасқан 9 қабатты қисайған үйде түнеп шықты. «Қолжетімді баспана» бағдарламасының аясында 2013 жылы қолданысқа берілген тоғыз қабатты ғимаратта 72 пәтер бар.
Алматы, NEGE. Алматыда «Зерделі» шағынауданының тұрғындары 9 қабатты үйдің қисайғанын айтып, дабыл қаққан болатын. Олар Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа арыз жазған. Тұрғындар мәселені шешуге келген шенеуніктен үйде қалып, қонып шығуын сұраған. «Адамдар үй құлап кетеді деп қорқады. Мен оларға үйдің қисайғанын, бірақ құламайтынын айтып түсіндірмек болдым. Сондықтан тұрғындарды басқа жаққа көшірудің қажеті жоқ екенін де жеткіздім. Олар маған осындай үйде түнеп шыға аласың ба деді. Мен жататын жер болса қонуға дайын екенімді айттым. Жарты сағаттан кейін сегізінші қабаттағы бір пәтерде бос орын бар екенін айтты. Мен сонда қонып шықтым. Түн тыныш өтті. Ешқандай оқыс оқиға болған жоқ», – деді Мұхит Әзірбаев.
Тұрғындар есіктері жабылмайтынын, қабырғаның жарылып, темір тордың қисайып кеткенін айтқан. Әкімдіктегілер тексерістен кейін ондай кінараттың барын, бірақ оның болмашы ғана ауытқу екенін жеткізген. Сондай-ақ шенеуніктер үйдің іргетасын бекітіп, ғимаратты түзетеміз деп сендірді. Алайда тұрғындар үйде қалуға қорқатынын айтып, кіруден бас тартқан.