12 Қаңтар 15:25
...

Қырылған аққулардың обалы – МАМИН мен СКЛЯРҒА

Мамин мен Скляр
Фото: Коллаж NEGE

Маминнің қазір қайда жүргені белгісіз. Қазақ қоғамы қырылған аққулар мен экология мәселесін талқылап, қызылкеңірдек болып жатқанда ол шетелдегі көптеген апартаменттерінің бірінде фуагра жеп, миығынан күліп отырған болар...

Маңғыстау облысында аққулар жаппай қырылып жатыр. Күні бүгінге дейін Қаракөл көлінде 828 аққу өлген. Тіпті көлдің аумағынан басқа жерлерден де өлі аққулар табылған.

Осы оқиғадан соң қоғам белсенділері дабыл қағып, Rixos Aktau қонақүйінің көлді ластап жатқанын айтты. Қаракөл суының құрамын тексерген экологтар көлдің ластанғанын анықтаған және бұған қымбат қонақүй «үлесін» аямай қосқаны белгілі болған.

2019 жылы сол кездегі премьер-министр Асқар МАМИН, Маңғыстау облысының сол тұстағы әкімі Ералы ТОҒЖАНОВ, экс-министр Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ түрік бизнесмені Феттах ТАМИНДЖЕМЕН бірге Rixos Aktau қонақүйінің іргетасын қалаған еді.

Қымбат қонақүй
Фото: ғаламтордан

Қонақүйдің құрылысына 68,41 млрд теңге жұмсалды. Түрік бизнесмені Тамндже (үлесі 51%) 13,47 млрд теңге инвестиция салды, Үкімет қадағалайтын инвестициялық қор KIDF (49% үлес) 12,94 млрд теңге құйды. Қалған 42 млрд теңгені жылдық 13% ставкамен Қазақстанның даму банкінен 20 жылға несие ретінде алған. Және 13 пайыздың 7 пайызын «Даму» қоры арқылы субсидиялаған. KIDF инвестициялық қорының директорлар кеңесін ол кезде премьер-министр Мамин басқаратын.

Қаңтар бүлігінен кейінгі мәлімдемесінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстанның даму банкін «кейбіреулер жеке банкіне айналдырып алғанын» айтқан еді. Міне, бір мысал осы – қымбат қонақүй. Rixos Aktau қонақүйінің кімдер үшін «батпан құйрық» болғанын осыдан-ақ түсінуге болады.

Сол даулы қонақүй «қан-жынын» Каспи теңізі мен Қаракөл көліне төгіп, экологияға орасан зор шығын келтіріп жатқанын экологтар көптен бері айтып келгенімен, енді ғана тиісті құлақтарға жеткен сияқты.

Сонда мемлекеттің миллиардтарына салынған қонақүйдің кәріз жүйесі жоқ па? Құрылыс талаптары НЕГЕ бұзылды? Бұзуға кім рұқсат берді?

Аққу
Фото: ladakz

Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті басқармасының бұрынғы бастығы Айтуар ТУҒАНБЕКОВ көп жайттың басын ашқандай болды. Бұл туралы Nege.Aqsha телеграм-каналы жазды.

Туғанбековтің айтуынша, 2020 жылы оған Rixos Aktau қонақүйі суды Каспи теңізінен алып, пайдаланылған лас суды Қаракөл көліне төгу жөніндегі жобаны келісуге әкелген.

«Жобада суперсүзгі орнатылатыны, одан шыққан су супертаза суға айналатыны айтылған. Бірақ мен сол кезе жобаны қолдаған жоқпын. Алайда Rixos таныстарын іске қоса бастады да премьер-министрдің орынбасары мен вице-министрден тікелей тапсырма түсті. Жеке өзім бұл құжатқа қол қойған жоқпын, бірақ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің сол кездегі төрағасы қол қойды. Күдігім расқа айналды, сүзгі дұрыс жұмыс істемейді. Қонақ үйден келетін су көлді қатты ластаған», – дейді А.Туғанбеков.

Естеріңізге салайық, 2022 жылдың қаңтарына дейін премьер-министр Асқар Мамин болды, ал оның орынбасары Роман Скляр еді.

Маминнің қазір қайда жүргені белгісіз. Қазақ қоғамы қырылған аққулар мен экология мәселесін талқылап, қызылкеңірдек болып жатқанда ол шетелдегі көптеген апартаменттерінің бірінде фуагра жеп, миығынан күліп отырған болар.

Ал Роман Скляр қазір Премьер-министрдің бірінші орынбасары...