2 Маусым 18:39

Қырғыз-түрік лицейлерінің президентін кім ұрлаған?

Фото:

Бішкекте Орхан Инанды есімді түрік азаматы жоғалып кетті. Ол «Сапат» деген атаумен белгілі мектептер желісінің президенті. Соңғы 25 жыл бойы Қырғызстанда ағарту ісімен айналысатын мұғалімнің көлігі табылған, өзі екі күннен бері жоқ. 

Алматы, NEGE. Бұл туралы «Радио Азаттык Кыргызстан» жазды. Ұшты-күйлі жоғалған мектеп басшысының әріптестері бұл іске Түркия арнайы қызметінің қатысы болуы мүмкін деп топшылайды. Оның ұлы Юсуф Косе әкесімен соңғы рет 31 мамыр кешкі сағат 19:00-де тілдескенін, одан кейін ұялы телефонының сөндірулі тұрғанын айтып, милицияға арыз жазған. Ал, Орхан Инанды мінген Lexus-470 автокөлігі Бішкектегі Малдыбаев көшесінде есігі ашық күйінде табылған.

Құқық қорғау органдары мұғалімді бір тәулік іздеп таппаған соң, оның жақындары мен әріптестері кеше Бішкек қаласындағы Түркия елшілігінің алдына жиналып, ереуіл жасады. Шамамен 80-ге жуық адам Орхан Инандыны тауып беруді талап еткен. Осыдан кейін ел президенті Садыр Жапаров Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігіне тапсырма беріп, жедел-тергеу әрекеттерін күшейтуді жүктеді. «Қосымша күштер тарту арқылы іздестіруді жеделдету керек», деді Қырғызстан президенті. Бұл туралы ақпаратты мемлекет басшысының ресми сайты таратты.

Орхан Инандының зайыбы Рейхан Инанды бейнеүндеу жолдап, күйеуімен 31 мамыр кешкі сағат 21:00-ден бері байланыса алмай отырғанын айтты. АКИpress басылмының жазуынша, жоғалған мектеп басшысын осы күнге дейін Қырғызстаннан алып кетуі мүмкін деген болжам бар. Мұны оның әйелі де тұспалдайды.

Бішкекте «Сапат» мектебінің өкілдері 1 маусымда баспасөз конференциясын өткізіп, Орхан Инандының жоғалуына байланысты өз болжамдарын айтты. Мектептер желісінің вице-президенті Раина Асакеева Инандының саяси мәселелерге қатысы жоқ екенін, ол тек ағарту, білім бері ісімен айналысқанын айтады. Оның жақтастары бұл оқиғаны қарақшылық шабуыл деп ойламайтындарын, себебі ешқандай мүлкі, бағалы заттары жоғалмағанын мәлемдеді. Ал, оның адвокаты Зоотбек Құдайбергенов білім орнының президентін Бішкекте біреулер күшпен ұстап отыруы мүмкін деген болжамын айтты.

«Сапат» мектебінің филиал директоры Нұрлан Құдайбердиев болса Орхан Инандыны Түркия билігі қолға түсіруге мүдделі екенін айтады. Себебі Түркиядағы 5 жыл бұрынғы саяси жағдайлар Фетхуллах Гүленнің қолдауымен бүкіл әлемде ашылған мектептердің басшыларын ұстауға бағытталған, деді.

Тегтер: