«Қырғызстанның жаңа әнұраны»: 1 қазанға дейін парламентке үш нұсқа ұсынылады

Қырғызстанда Жоғарғы кеңес мемлекеттік әнұранның мәтіні мен музыкасының жаңа нұсқасын іріктеуді осы жылдың 1 қазанына дейін ұзартты.
Алматы, NEGE. Мәдениет министрінің орынбасары Союзбек Надырбеков 1 қазанға дейін парламентке іріктелген үш нұсқаны ұсынатынын атап өтті. Оның айтуынша, бірінші кезең 15 маусымға дейін жалғасады. Ол кезеңде әнұранның жаңа мәтіні таңдалады. Ал екінші кезеңде 1 қыркүйекке дейін осы мәтіннің әуенін шығаруға сайыс жарияланады.
Мәдениет министрлігінің басшысы Мирбек Мәмбеталиевтің мәліметінше, 2025 жылдың 7 ақпанынан 20 наурызына дейін комиссияға 488 азаматтан 703 жоба келіп түскен. Оның ішінде 285 жоба тіркелді.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Қырғызстанда парламент спикері Нұрланбек Тұрғынбекұлы әнұранды өзгерту туралы ойын айтқан еді. Кейінірек бұл пікірді президент те қолдады. Ақпан айында Қырғызстанда жаңа әнұранға байқау жарияланды. Байқауға Қырғызстаннан бөлек, көрші елдің сазгерлері, ақындары, музыканттары қатыса алатыны айтылды.