Қырғызстанның экс-премьері Данияр Үсеновтің ұлы Алматыда қамауда отыр
Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Данияр Үсеновтің ұлы Ұрмат Үсенов Алматыдағы тергеу изоляторында қамауда отыр.
Астана, NEGE. Kaktus.media дереккөздерінің мәліметінше, Ұрмат Үсеновпен бірге Қырғызстанның екі азаматы және бір қазақстандық ұсталған.
Олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28-бабының 3-бөлігі және 214-бабының 2-бөлігі 1-тармағы бойынша (қылмыстық топ құрамында жасалған заңсыз кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру) және 264-бабының 1-бөлігі бойынша (трансұлттық ұйымдасқан топты немесе трансұлттық қылмыстық ұйымды құру, оған басшылық жасау немесе оның құрылымдық бөлімшесін басқару) айыпталып отыр.
Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары келтірілген залал көлемін 26 миллион теңге деп бағалаған. Сонымен қатар құны 46 миллион теңгеден асатын кальян темекісі тәркіленген. Тергеу мәліметінше, тәркіленген өнімнің жалпы көлемі 1,6 тоннадан асқан.
10 наурызда Алматының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдіктілерді екі ай мерзімге қамауда ұстауға санкция берген.
Айта кетейік, Данияр Үсенов әр жылдары Қырғызстанда кәсіпкерлікпен айналысып, депутат болды, Бішкек қаласын басқарды және үкіметте қызмет атқарды. Ол 2009 жылы премьер-министр болып тағайындалды.
2010 жылы елдегі революциядан кейін Беларуське кетіп, аты-жөнін өзгерткен. Ол Даниил Урицкий деген атпен төлқұжат алған.
2014 жылы бұрынғы премьер-министр 2010 жылғы сәуірде Ала-Тоо алаңында болған оқиғаларға қатысы бар деп танылып, сырттай өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.