USD
USD
USD

Қырғызстандағы «Бішкек-Арена» стадионын салуға 386 млн доллар жұмсалған

Қырғызстан Президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагозов 50 мың көрерменге арналған «Бішкек-Арена» стадионының ресми құнын жариялап, әлеуметтік желідегі стадион құрлысына «60 млн доллар жұмсалды» деген ақапарт қайдан шыққанын түсіндірді.

стадион құны
Фото: facebook.com/askat.alagozov

Астана, NEGE. Оның мәлімдеуінше, бастапқыда Долон Өмүрзаков атындағы стадион секілді  30-35 мың көрерменге шақталған қарапайым спорт нысанын салу жоспарланған. Сол кезде Қамшыбек Тәшиев стадион құрылысына шамамен 60 млн доллар жұмсалатынын айтқан. Кейін Президент Садыр Жапаров бастапқы жобаны толығымен өзгертіп, болашақта стадион табыс әкелетін нысанға айналуы үшін оның көлемін кеңейтіп, сауда орталықтары, мейрамханалар мен кафелер, супермаркет, кинотеатрлар, спорт залдары және балаларға арналған алаңдарды қоса салуды тапсырған.

Сондай-ақ стадион құрылысын жобалау кезінде FIFA талабы ескерілген. Халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізу үшін стадион кемінде 50 мың көрерменді сыйдыруы керек.

Нәтижесінде жоба толығымен қайта жасалып, құрылыс нысанының жалпы аумағы 194 248 шаршы метрге дейін кеңейтілген.

«Егер стадион Долон Өмүрзаков атындағы стадион секілді қарапайым нысан ретінде салынғанда, ол өзін ақтап қана қоймай, оны күтіп ұстауға және қызметкерлерге жалақы төлеуге жыл сайын бюджеттен миллиардтаған қаржы талап етер еді. Сондықтан жоба кеңейтіліп, жоғарыда аталған инфрақұрылымы бар, 52 мың көрерменге арналған стадион салу көзделді. 

...Осылайша, "Бішкек-Арена" құрылысының жалпы құны 386 млн доллар болды», – деп жазды Аскат Алагозов Facebook-тегі парақшасында.

Сондай-ақ ол «Бішкек-Арена» стадионының негізгі сипаттамаларын ұсынды:

  • Жер учаскесінің аумағы – шамамен 20 гектар;
  • Құрылыс нысанының жалпы аумағы – 194 248 м²;
  • Ғимараттың диаметрі – 280 метр;
  • Биіктігі – 70 метр;
  • Қабат саны – 8;
  • Көрермендерге арналған орын саны – 51 252;
  • Сметалық құны – 386 млн АҚШ доллары.

Сауда және коммерциялық инфрақұрылым:

  • Сауда орталығының жалпы аумағы – 35 916 м²;
  • 48 дүкен;
  • 1 супермаркет;
  • 18 сауда дүңгіршегі;
  • 23 мейрамхана;
  • 11 кафе;
  • 4 кинотеатр залы;
  • Балаларға арналған ойын алаңы;
  • Спорт залы;
  • Жалпы аумағы 5 087 м² болатын террасалар.

«Өкінішке қарай, соңғы күндері "біздің стадион 60 млн долларға салынды, ал көрші елдердегі стадиондар осынша сомаға салынды" деген пікірлер айтыла бастады. Бұл көрші мемлекеттердің басшыларының беделіне күмән келтіруі мүмкін», – деген Алагозов халықты бұл соманы саясаттандырып, көршілес елдермен қарым-қатынасты ушықтырмауға шақырған.

Бұл ретте Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Есеп палатасының және басқа да тиісті органдардың өкілдері қатысатын комиссия құрып, стадион құрлысына жұмсалған қаржыға жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырған. Комиссия құрылыс материалдарының толық пайдаланылғанын, жалақының толық төленгенін, қаржының ұрланбағанын және басқа да осыған ұқсас мәселелерді тексереді.

Бұған қоса Алагозов салыстыру үшін АҚШ, Англия Сингапур сияқты елдердегі осыған ұқсас стадиондардың құрылысына қанша қаржы жұмсалғанын мысал ретінде келтірген. Мәселен, АҚШ-тағы 65 мың орындық Allegiant стадионы 1,9 млрд долларға, Англиядағы 62 мың орындық Tottenham Hotspur стадионы 1,33 млрд долларға, Сингапурдағы 55 мың орындық Ұлттық стадион 1,31 млрд долларға салынған.

Сондай-ақ стадион құрылысы құнының өсуіне металл бағасының қымбаттауы, бетон құнының өсуі, логистикалық шығындар, жұмыс күшінің құны, инженерлік жүйелер, VIP және коммерциялық аймақтар, инфляция, құрылыс материалдарының әлемдік тапшылығы әсер ететіні ескертілген.

Қазір оқып жатыр

Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің әкесі жаңа тау-кен холдингін құрды

Махмұд Қасымбек

Қызылордадағы шағын тоннажды мұнай өңдеу зауытында өрт шықты

мұнай өңдеу зауытындағы өрт

Әл-Фарабидегі жол апаты: Алматыда полиция экс-басшысы жүргізушісінің соты басталды

сот тыңдауы

Жұмыс күні аяқталғаннан кейін мұғалімдер ата-аналар чатындағы сұрақтарға жауап беруден бас тарта ала ма?

Атаналар чаты