Қырғызстанда қылмыс әлеміне танымал Камчы Көлбаев ұсталды
Танымал ұры Камчы Асанбек (Камчы Көлбаев) пен оның қасындағылар ұсталды, деп хабарлайды Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті.
Алматы, NEGE. 16 қарашада Ыстықкөл облысы бойынша арнайы қызмет департаментінің қызметкерлері қылмыс әлеміне танымал Қамшыбек Асанбек пен оның қасындағы 10 адамды қырғыз-қытай шекарасына жақын маңда (Жеті-Оғыз ауданы) орналасқан "Булат-М" аңшылық алқабынан қайтып келе жатқан жерінен ұстады.
Тексеру барысында олардың Қырғыз Республикасының мемлекеттік органдарының тиісті рұқсатынсыз шекаралық аймақта болғаны анықталды.

Осыған байланысты Қ. Асанбек пен оның қасындағыларға қатысты әкімшілік қамауға алу туралы тиісті хаттамалар толтырылды. Тінту нәтижесінде 8 атыс қаруы (4 «Сайга» карабині және 4 ПМ және «Глок» тапаншасы) табылды.
Осылайша, Қ.Асанбек пен оның жақын серіктерінің іс-әрекетінде Қылмыстық кодекстің 429-бабы (Мемлекеттік шекара режимін және Қырғыз Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттеріндегі режимді бұзу) бойынша құқық бұзушылық белгілері бар деп танылды.
Қазіргі уақытта тиісті жедел-тергеу шаралары жүргізілуде.