USD
USD
USD

Қырғызстан билігі қазақ журналисінің стадион құны туралы мәліметіне жауап берді

Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов «Бішкек Арена» стадионының құрылысына 60 млн доллар жұмсалды деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, нысанның нақты құны тексеруден кейін жарияланады.

Бішкек Арена
Фото: akipress.org

Астана, NEGE. Бұған дейін қазақстандық спорт журналисі Аслан Қаженов Facebook парақшасында Астана мен Бішкектегі стадиондардың құнын салыстырған. Ол 51 мың көрерменге арналған «Бішкек Арена» 60 млн долларға, ал Астанадағы 3 600 орындық Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион 37 млн долларға салынғанын жазған.

Асқат Алагөзов 60 млн доллар деген соманы Қырғызстанның бірде-бір мемлекеттік органы немесе ресми өкілі жарияламағанын мәлімдеді.

«Бірде-бір мемлекеттік орган немесе ресми тарап стадионның “60 млн долларға салынғанын” айтқан жоқ. Мұндай ауқымдағы нысанды 60 млн долларға салу мүмкін емес. Осыған байланысты бұл сандарды тек пиар мақсатында таратуды тоқтатуды сұраймыз. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, 50–60 мың көрерменге арналған заманауи стадиондардың құрылысы кемінде 500 млн долларды құрайды. Біздің стадион, әрине, мұншалықты қымбатқа түскен жоқ. Алайда расталмаған сандарды таратып, жұртшылықты жаңылыстырмайық», – деп жазды ол.

Баспасөз хатшысының айтуынша, құрылыс шығындарын нақтылау үшін арнайы комиссия құрылған. Оның құрамына Есеп палатасы, Ішкі істер министрлігі, прокуратура және басқа да тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері кірген.

«Комиссия жұмысы шамамен бір-екі айға созылады. Осы уақыт ішінде барлық шығын егжей-тегжейлі зерттеліп, жұмыс қорытындысы бойынша құрылыстың нақты әрі түпкілікті құны жұртшылыққа жарияланады. Барша азаматтар пен блогерлерді тексерілмеген ақпаратты, әсіресе нысан “көрші елдерге қарағанда арзан салынды” деген негізсіз мәлімдемелерді таратудан бас тартуға шақырамыз», – деді Алагөзов.

Әзірге «Бішкек Арена» құрылысына жұмсалған нақты сома жарияланған жоқ. Комиссия жұмысы шамамен бір-екі айға созылуы мүмкін. Тексеру аяқталған соң құрылыстың түпкілікті құны жарияланады.

Қазір оқып жатыр

12 адам қаза тапқан «Центр плова Loft» ісі бойынша үш адамға үкім шықты

жарылыс

Тіпті жақын туысыңызға да қарыз бермеген дұрыс – қаржы маманы

Әсел Әуелбекова

Қытайға кіру ережелері өзгереді: FlyArystan жолаушыларға үндеу жасады

Әуежай

«Байсат» базарын ERG бас директорының компаниясы сатып алғаны мәлім болды

Байсат