Қырғыз парламенті Садыр Жапаровты үкімет басшысы етіп сайлады
Қырғызстан парламенті кезектен тыс отырысында Садыр Жапаровты премьер-министр етіп тағайындау ұсынысын мақұлдады.
Алматы, NEGE. Түрмеден өткен аптаның басында шыққан саясаткердің кандидатурасын парламентте басым дауысқа ие коалиция ұсынған. Парламент қаулысы президент Сооронбай Жээнбековке қол қоюға жіберілді.
Қырғызстан Жогорку кеңеші 14 қазанда "Ала-Арча" мемлекеттік резиденциясында өткен кезектен тыс отырысында премьер-министрлікке ұсынылған 51 жастағы Садыр Жапаровтың кандидатурасын мақұлдады. Жапаровты бұл қызметке парламентте басым дауысқа ие коалиция ұсынған. Сәрсенбідегі жиынның басында 83 депутат қатысып отырғаны, сегіз депутат сенімхат арқылы дауыс беретіні жарияланған деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Жогорку кеңештің жаңа спикері Канат Исаев регламент бойынша премьер-министрді парламентте көпшілік болып отырған коалиция ұсынуы тиіс екенін айтқан. "Кыргызстан" фракциясының жетекшісі Исаев парламент төрағалығына 13 қазанда "Ала-Арча" резиденциясында өткен парламент отырысында сайланған.
Қырғыз республикасының Конституциясына сәйкес, премьер-министр қызметіне парламент құрамының жартысынан көбі, яғни 61 депутат қолдап дауыс берген кандидат сайланады. Бұған дейін, 10 қазанда бір топ депутат кезектен тыс отырысқа жиналып, Жапаровты үкімет жетекшілігіне бекіту туралы дауыс берген кезде бұл процедура сақталмаған. Сол себепті сәрсенбі, 14 қазанда коалиция оның кандидатурасын ұсынып, ресми түрде мақұлдаған.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, 14 қазанда парламенттің кезектен тыс отырысында Садыр Жапаров әзірге бұрынғы үкіметтің бағдарламасымен жұмысты бастайтынын, бірақ болашақта жаңа бағдарлама ұсынатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, үкімет құрылымы бұрынғы қалпында қалады, алайда үкімет құрамы түгелге дерлік жаңартылады.
Сәрсенбіде Жапаров экономикалық қылмысқа қарсы күрес мемлекеттік қызметі (қаржы полициясы), жазаны атқару мемлекеттік қызметі басшылығына жаңа адамдарды тағайындады. Бұған қоса үкімет аппараты жетекшісінің міндетін, ішкі істер министрі міндетін атқаратын адамдарды тағайындау туралы бұйрық шығарған.
Жапаровтың шешімімен Алтынбек Торутаев мемлекеттік кеден қызметі төрағасы қызметінен босатылып, орнына Элнура Мамбетжунушеваны тағайындады. Үкіметтің баспасөз қызметі мұндай шешім кеден органын коррупциялық схемалардан тазартып, ол жүйеден Матраимовтар отбасының "балаларын" аластау мақсатымен қабылданған деп түсіндірді.
Жогорку кеңештің Жапаровты премьер-министр етіп тағайындау туралы қаулысы енді президент аппаратына жолданады.
Қырғыз республикасының Конституциясының 84-бабының 5-тармағына сәйкес, президент үш күннің ішінде премьер-министр мен үкіметтің өзге мүшелерін тағайындау туралы жарлық шығаруы тиіс. Егер президент осы мерзім ішінде ондай жарлық шығармаған күннің өзінде үкімет жетекшісі мен құрамы тағайындалған болып саналады.
Өткен сенбі, 10 қазан күні парламент депутаттарының бір бөлігі "Ала-Арча" мемлекеттік резиденциясына жиналып, Садыр Жапаров үкіметінің бағдарламасы, құрамы мен құрылымын мақұлдаған еді. Алайда кей депутаттар, саясаткерлер мен заңгерлер отырыста жаңа үкімет туралы шешім қабылдауға қажет кворум болмағанын айтып, қабылданған қаулы заңсыз деп мәлімдеген. Жапаровтың жақтастары шешім заңды деп санайды. Парламенттің вице-спикері Мирлан Бакиров үкіметтің бағдарламасы, құрамы мен құрылымын бекіту туралы қаулыны президентке қол қоюға жолдаған.
Қазір оқып жатыр
«Бір ғана өтінішіміз – бостандығымыздан айырмаңыздар»: Жанабыловтар сотта жылап тұрып кешірім сұрады
Қазақстандықтарға шенген визасын алу жеңілдейді: келіссөз қашан аяқталады?
Прокурор ерлі-зайыпты Жаныбыловтарды 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Алматылықтардың көлік салығы 7 млрд теңгеден асқан