30 Қазан 12:03
...

Кинотеатрларда билет бағасы қымбаттады ма?

Фото:

Осы аптада кинотеатрлар жұмысына рұқсат берілді. Бірақ әзірге киноға асыққан халық көп емес.

Алматы, NEGE. Санитарлық шектеулер қойылғандықтан, кейбір кинотеатрлар желісінде билет бағасы да қымбаттап кеткен.  Кинотеатрлар ашылғанымен, кино залдарда адам аса көп емес. Санитарлық талаптарға сәйкес, кинозалдағы көрермендер саны 30 пайыздан аспауы керек. Әрине, кинозалға кіру үшін міндетті түрде маска тағып, қолыңызды антисептикпен жууыңыз керек. Киноға билетті де онлайн сатып алуға болады. Алайда билет құны бұрынғыдан қымбат.

Кинотеатрлар желісінің PR директоры Ерлан Бұқарбаев: "Келушілер саны 30 пайыздан аспайтын болғандықтан, біз де билет құнын 20 пайызға көтеруге мәжбүр болдық. Себебі табыс табуды айтпағанның өзінде, қызметкерлерге жалақы төлеу қиын болып тұр. Біздің қазіргі жағдайымызға көптеген сауда орталықтары түсіністік танытпаса, жағдай тұрақталғанша бірнеше кинотеатрлар желісін жабуымызға тура келеді" деді.

Ал әзірге бағаны қымбаттатпадық деген тағы бір ірі кинотеатрлар желісінің өкілі бұл жағдай енді уақыттың еншісінде дейді. Кинотеатрлар желісінің коммерциялық директоры Дмитрий Кириенко: "Қазір билет құны 1000-теңгеден 2500 теңгеге дейін жетіп отыр. Әрине, барлығы сеансқа, киноға байланысты. Бірақ халық көп келетін сеанстарға шектеу қойылды. Мұның өзі біз үшін шығын болып тұр. Сондықтан әзірге байқап көреміз. Шығын көп болса, билет құнын көтеруіміз мүмкін" деді.

Қаладағы ірі кинотеарлар желісі бизнестің бұл түріне 100 млн АҚШ долларынан атам қаржы салған. Ірі көлемде несие алғандықтан, оны қайтару оңай емес. Әрі карантин де ұзаққа созылып барады, сондықтан жағдай қиын болып тұр дейді ойын-сауық индустриясының өкілдері.

Тегтер: