Kinopark фильмдерді прокатқа шығару үшін 60 млн теңгеге дейін жарнама ақысын талап еткен
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қазақстан аумағында 2024 жылғы 1 қаңтардан 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңдегі кино прокаты қызметтері нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйін талдау нәтижелері бойынша қорытынды жариялады.
Астана, NEGE. Кинематографистер өтініші бойынша Kinopark – Kinoplexx Theatres кинотеатрлар желісінің қызметіне қатысты жүргізілген талдау кезінде фильмдерді прокатқа шығару үшін қосымша жарнама ақысын талап ету фактілері анықталған.
Агенттік зерттеу барысында Kinopark желісінің фильмді прокатқа қабылдау үшін жарнамаға қосымша ақша төлеуді талап еткені туралы мәліметтерді қарастырған.
«Алынған материалдарды зерделеу қорытындысы бойынша жарнамалық ілгерілету құны 20 млн теңгеден 60 млн теңгеге дейін болғаны анықталды. Сонымен қатар Kinopark желісі серіктестеріне фильм бюджетін жоспарлаудың бастапқы кезеңінде жарнамаға жұмсалатын шығындарды алдын ала қарастыруды ұсынған. Бірқатар кинопродюсер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде жарнама бюджетіне ақы төлеу қажеттігі туралы уәждер де расталды», – делінген талдау қорытындысында.
Қазақстан Кинематографистер лигасының өтінішінде Kinopark желісінің прокаттың алғашқы демалыс күндеріндегі сеанстар кестесін біржақты тәртіппен бекітіп, өзгерте алатыны көрсетілген. Бұл ретте кестеге енгізілетін түзетулер фильм көрсетілімінің алғашқы күнінен бастап-ақ жасалуы мүмкін.
Фильмдерге негізінен таңертеңгі және күндізгі сеанстар берілуі ықтимал. Ал кассалық түсім жеткіліксіз болған жағдайда жекелеген сеанстар немесе фильмнің өзі демалыс күндеріндегі прокат кестесінен алынып, орнына басқа жобалар қойылуы мүмкін.
Агенттік мұндай жағдай нарық қатысушылары үшін әркелкі жағдай қалыптастыратынын атап өтеді.
Анықталған фактілерге байланысты Агенттік Кәсіпкерлік кодекстің 174-бабы аясында Kinopark-Kinoplexx Theatres желісіне бірқатар талап қойды.
Олардың қатарында:
- кинотеатрларда жарнаманы мәжбүрлеп ұсынуды тоқтату;
- фильмдерді прокатқа шығару үшін міндетті кіру төлемін алуды жою;
- серіктестерге кинотеатрлар желісінде жарнамаға ақы төлеу міндетті шарт емес екенін хабарлау;
- фильмдерді релиздер кестесіне енгізудің, сеанстарды өзгертудің, прокат мерзімін белгілеудің және фильмдерді прокаттан алып тастаудың бірыңғай, ашық әрі кемсітпейтін тәртібін белгілейтін жария регламент әзірлеп, бекіту.
Агенттіктің мәліметінше, соңғы талап бойынша құжат биылғы шілдеде әзірлеу сатысында болған.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 16 наурыздан бастап Kinopark кинотеатрлар желісі фильмдерді прокатқа шығару үшін міндетті төлем алу және жарнаманы мәжбүрлеп ұсыну тәжірибесін тоқтатқан.
Бұл ретте Агенттік Kinopark-тың нарықтағы жағдайына да назар аударған.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, Қазақстандағы кино көрсету нарығы жоғары деңгейде шоғырланған. Ірі кинотеатр желілері дистрибьюторлармен және фильм өндірушілермен қарым-қатынаста айтарлықтай нарықтық күшке ие.
Сондықтан мұндай операторлардың фильмдерді прокатқа қабылдау, сеанстар санын белгілеу және жарнамалық талаптар қою тәртібі басқа нарық қатысушыларының жағдайына тікелей әсер етуі мүмкін.
Агенттік ірі кинотеатр желілері мен шағын өңірлік кинотеатрлардың дистрибьюторлармен қарым-қатынасы бірдей емес екенін атап өтті.
«Kinopark желісі нарықтағы елеулі күшке және кино залдарының кең желісіне ие болғандықтан, дистрибьюторлармен өзара іс-қимыл шарттарына ықпал ете алады. Мұны анықталған заң бұзушылықтар да көрсетіп отыр. Ал шағын және өңірлік кинотеатрлар, керісінше, көбіне құқық иелері мен дистрибьюторлардың шешімдеріне тәуелді жағдайда болады», – делінген құжатта.
Бұл жағдай Қазақстандағы кино көрсету нарығындағы бәсекелестікке қатысты жүйелі мәселені көрсетеді. Бір жағынан, ірі кинотеатр желілері нарықта айтарлықтай күшке ие болса, екінші жағынан, шағын кинотеатрлар олардың және дистрибьюторлардың шешімдеріне тәуелді болып отыр.
Жүргізілген талдау қорытындысы бойынша Агенттік уәкілетті мемлекеттік органға кинематография саласындағы заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстар енгізген. Атап айтқанда, кинопрокат қызметін жүзеге асыру қағидаларын және құқық иесі (дистрибьютор) мен кинотеатр арасындағы үлгілік шартты әзірлеу, сондай-ақ кинопрокатқа мониторинг жүргізу тетіктерін жетілдіру ұсынылған.