Референдум Референдум
USD
USD
USD

Кім кімді тонап кетті?

Жаркенттегі «Қазпошта» бөлімшесінен ұрланған 297 миллион теңгенің 28 миллионы қайда жоғалды?

Кім кімді тонап кетті?
Фото: NEGE.kz

(«Разбойное наваждение», Время газеті)

2019 жылдың ақпан айында елімізді сұмдық жаңалық шарлап өтті: белгісіз біреулер «Қазпоштаның» Жаркенттегі бөлімшесінде сақтаулы тұрған қос банктің аса ірі көлемдегі қаражатын, 300 миллиондай теңгені.., қарауылды матап тастап, алып кеткен. Артынша, наурыз айында полицейлер ұрыларды ұстағанын, барлық ақшаны қайтарғанын айтып, есеп берген еді. Кейін белгілі болғанындай, ізкесушілер ұрылардың біреуін ғана құрықтағаны, ал оның серігі ұсталмай тұрып-ақ өз-өзіне қол салып өлгені мәлім болды. Тұтқындалған күдікті – 49 жастағы Талипжан Сулайманов екен, оның серігі Мухпуллам Изимов болған.

Биылғы жылдың тамыз айында Алматы облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты Сулаймановты кінәлі деп танып, оған заңсыз қару-жарақ сақтағаны және қарулы шабуыл жасағаны үшін 10 жылға жаза кескен. Жуырда Талипжан «Время» газетінің редакциясына телефон шалып, қылмыс жасағаннан кейін полицияға өз еркімен барып берілгенін, барлық ақшаны мұртын бұзбай қайтарып бергенін, алайда қазір оның мойнына 28 млн теңгені іліп жатқанын айтып, шағымданады. Оның айтуынша, аталмыш ақша оны қолға түсіргеннен кейін жоғалған!

Қырық мың халқы бар Жаркент қаласы үшін «Қазпошта» бөлімшесінің тоналуы үлкен сенсация болды. Рас, бұл кішкене қалада кісі таң қаларлық түрлі қылмыстар болып тұрады, бірақ 300 млн теңгеге жуық қаражатты бір түнде үптеп кеткен тонау ісі «ғасыр ұрлығымен» барабар еді!

Ең ғажабы, ұры алыстан келмепті. Соншама ақшаны бір түнде көтеріп кеткен басқа емес.., «Қазпоштаның» бұрынғы қарауылы Талипжан Сулайманов боп шықты. Ол бөлімшеде аса ірі көлемде қаражаттың болатынын және оны бір ғана кезекшінің қарауылдайтынын жақсы білген.

Сулайманов ұрлыққа мұқият дайындалады. Өйткені «Қазпоштада» бір жарым жыл жұмыс істегенде, ол бөлімшенің жұмыс режимімен жақсы танысып үлгерген еді. Әуелі еш жерде жұмыс істемейтін, үнемі ақшаға мұқтаж боп жүретін Мухпуллам Изимовты тауып алады. Одан кейін (қарауыл боп жүргенде) бөлімшенің есіктерін құлыптайтын кілттердің көшірмесін жасатады. Сосын, ұрлыққа түсетін түнді таңдайды. Олар елдің бәрі бұрынғыша «ерлердің мерекесі» деп 23 ақпанда тойлатып жатқан кезде, көшеде адам аяғы аз уақытта қылмыстық ойларын жүзеге асырған.

Екеуі сол күні қараңғы түсе салысымен қалада кездесіп, «Қазпошта» бөлімшесінің ғимаратына жаяулап тартады. Жолай дайындап шыққан киімдерін, бетперделерін киеді де, сенімді түрде іске кіріседі. Сулайманов қосалқы кілтпен сыртқы есікті ашып, дабыл құрылғысын сөндіреді де, ішке енеді. Барлығы жап-жақсы іске асып келе жатқанда, кенет алдарынан кезекші қарауыл шыға кеп, алыса жөнеледі. Бірнеше ауыр соққымен оны сұлатып сап, аяқ-қолын байлап тастайды.

Сулайманов қойманы қалай ашу керектігін білетін, бір құлыпты шегесуырғышпен сындырып, сейфті кілтпен ашады. Сейфте үш инкассаторлық қапшық болған, оның ішіндегі бар ақшаны сөмкеге салып көшеге шығады да, бір-ақ рет пайдалану үшін сатып алған телефонмен звондап, такси шақырады. Салған бетте ұрлықы ақшаны Изимовтың үйіне апарып жасырады, бірер аптадан кейін Сулаймановтың үйіндегі тауық қораға апарып көміп тастайды. 297 млн теңгеден екі жарым миллиондайын өздеріне жаратуға алған.

Полицейлер бір ай бойы сарсылып, ұрыларды таба алмай қойған. Наурыз айының ортасында Изимов өз-өзіне қол салып өледі. Сулеймановқа заңсыз қару сақтады деген күдікпен үйіне тінту жүргізіледі. 21 наурыз күні шынымен де Сулаймановтың үйінің шатырынан патрондар табылып.., одан бөлек, ішінде 2 млн теңгесі бар бір қорап та шығады. Сол-ақ екен, Сулайманов ағынан жарылып, өз еркімен бар қылмысын мойындайды. Сот кезінде «Қазпошта» өкілдері қылмыскердің бар ақшаны түгел қайтармағанын, ұрланған ақшада 28 миллионнан аса қаржы жетіспейтіндігін айтады. Ол ақша қайда? Сот «Қазпоштаның» шағымын қанағаттандырмағаннан кейін, үкім өз күшіне енгеннен соң, жәбірленуші тарап жетпейтін ақшаны заңмен орнын толықтыруды сұрап, тағы да шағым түсіреді.

– 28 млн теңгенің қайда жоғалып кеткені бізге де жұмбақ! – дейді, Талипжан Сулаймановтың адвокаты Роман Дмитриев. – Менің қорғауымдағы адам полиция қызметкерлеріне ақшаны толық қайтарғанын, өз қылмысын толықтай мойындап, ағынан жарылғанын қуаттап отыр.

Қорғаушының күдігінше, Сулаймановтың үйінен шыққан ақша полиция бөлімшесіне дейін түз-түгел жетпеуі мүмкін.

– Сулаймановтың үйіне тінту дұрыс жүргізілмеген, – дейді заңгер. – Барлық іс-әрекет камераға түсірілгенімен, видеожазбаны анықтап қарағанда полицейлердің бірнеше қателіктер жібергенін байқауға болады. Видеодан шабаданда, сөмкеде және аяқ киімнің қорабында жатқан ақшаны көреміз. Соның бәрін алады да, үлкен жаймаға салып, екі түйіп байлап, сыртынан шнурмен орап, оны мөрлеп тастайды. Сосын әлгі түйіншекті мәшинеге тиеп, полиция бөлімшесіне алып кеткен. Құқық қорғау қызметкерлерінің ең үлкен қателігі сол, олар ақшаны Сулаймановтың үйінде емес, полиция бөлімшесінде санаған!

Адвокат айтып отырған екінші маңызды мәселе, ақша саналғанда да қателік кеткен.

– Видеожазбаны күдіктінің үйінде түсіруді бастайды да, сосын камераны сөндіріп, тек Панфилов аудандық полиция ғимаратының акт залына барғанда ғана қайта қосады. Ең маңызды сәт, ақшаны тасымалдаған кез таспаға түсірілмеген. Сосын, видеожазба ақшаны санап жатқан кезде жасалады. Бір адам «10, 20, 30 купюра 100 доллардан дей келеді де, мұнда 8500 доллар!» дейді. Шынтуайтында, ол жердегі ақша 9500 доллар! Мың доллар қайда кетті? Сондай-ақ, еуроның жағдайы не болғаны да түсініксіз. Үйде түсірілген видеожазбада ақшаның жартысы еуро болатын, ал санаған кезде ондай валюта жоқ боп шықты. Тағы бір көңіл аударар сәт, ақшаны санаған кезде Сулайманов ол жерде болмады, яғни, ондай іс-әрекетке күдіктіні қатыстырмады. Жалпы, барлық видеожазба біресе басқа қырынан түсірілген, біресе басқа жағынан түсірілген кілең құрама. Қазір сот тінту мен полицейлердің ақша санау кезіндегі видеожазбасына сараптама жасауға пәрмен берді.

Неге қылмыскер 28 млн теңгенің жоғалғанын сонша шыр-пыр боп анықтағысы келеді? Тіпті, өзінің ол ақшаға қатысы жоқ екенін дәлелдеу үшін журналистерге жүгінуде. 28 млн теңгені артық ұрлады ма, 28 млн теңгені кем ұрлады ма, одан не өзгереді? Алайда, дәл осы сома үшін Сулайманов өзіне кесілген жаза мерзімін толықтай өтеуге мәжбүр...

– Егер менің қорғауымдағы адамға 28 млн теңгені өтеуге міндеттесе, онда ол жағдай оның мерзімінен бұрын босап шығуына үлкен әсер етеді. Түрмеден ертерек шығу үшін келтірілген шығынды толықтай өтеуі керек, – дейді адвокат Дмитриев. – Бұл жерде заңды сұрақ туындайды, «Шынымен де, 28 млн қайда жоғалып кетті?». Мен Талипжанға сенемін, ол өз кінәсін толық мойындады және істеген ісі үшін шынайы өкініп отыр. Егер ол қылмысын мойындамағанда, сейфтен ұрланған ақшаны әлі күнге таппай, іздеп жатқан болар еді...және 28 млн ғана емес, бақандай 297 млн теңгені!..

Михаил Козачков

Қазір оқып жатыр

Алматыдағы қағаз зауытына 49,9 млн теңге айыппұл салынды

 Республикалық ТКШ Альянсы

Польшада қазақстандық әйел қаза тапты

 Екатерина Шилова

Трамп Ресей мұнайына салынған санкцияларды уақытша алып тастады

Ресей мұнайы тиелген танкер

Әскерде тағы бір сарбаз мерт болды

Әскери адам, сарбаз