28 Тамыз 16:44

КИМ болмаса кім? «Jusan операциясының» финалы НЕГЕ комедияға айналып барады?

Фото:

Бұған дейін Jusan тобының 20 пайыз акциясын ұстап келген Ғалымжан ЕСЕНОВ «Ескі Қазақстан» өкілдерімен келісімге келіп, банкті толық қарауына алды. Bloomberg «осы мәміленің демеушісі – олигарх Вячеслав Ким» деген ақпарат таратқан болатын. Енді Ким мырза «мен ақша берген жоқпын» дейді. Сонда Есенов Jusan-ды қандай ақшаға сатып алды?

Осыдан төрт күн бұрын Bloomberg өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, Kaspi.kz акционері және директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав КИМНІҢ Jusan Bank бойынша мәміленің құпия демеушісі болғаны туралы жазған. Осы мәміле арқасында Ғалымжан ЕСЕНОВ Jusan тобына иелік ететін «First Heartland Securities» акционерлік қоғамының директорлар кеңесін басқаруды өз қолына алды. Онымен бірге, Назарбаев кланының Люксембургтегі компаниясы «Pioneer Technologies S.A.R.L.» қолында болған Kcell ұялы байланыс операторының 14.87% акцияларын өзіне қайтарды.

Артынан, 2023 жылдың 10 тамызында Есенов банктің директорлар кеңесі отырысын шақырып, онда басқарушы құрамды түгел тазалап, өз адамдарын отырғызып, банкты толық өз қолына алды.

Британдық Jusan Technologies компаниясы өзі ұстап отырған First Heartland Securities акционерлік қоғамының мажоритарлы акциялар пакетін Ғалымжан Есеновке еш қиындықсыз бере салды. Бірақ тегін бермегені анық.

Orda.kz тілшісіне берген жауабында олигарх Вячеслав Ким: «Ғалымжан екеуміз көп жылдан бері доспыз, бұрыннан бері түрлі қайырымдылық жобаларға бірге қатысып келеміз», – деп жауап қатқан.

«Мысалы, Ғалымжанмен «Алматы марафонының»  негізін қалап, оны Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі спорттық шараға айналдырдық. «Жусан Банкке» келер болсақ, Ғалымжан жеке кеңес алу үшін маған жүгінді. Мен Jusan Bank төңірегіндегі жағдайдың мүмкіндігінше тезірек сәтті шешілуіне жәрдем бердім. Ең алдымен Jusan Bank клиенттері мен мемлекеттің мүддесіне көмектескеніме қуаныштымын. Бұл менің жеке ісім және мұның Kaspi.kz -ке еш қатысы жоқ. Банкті сатып алу шарттарына қатысты мәміле тараптарына хабарласыңыз. Мен мәмілеге қатысушы емеспін, маған бұдан тікелей немесе жанама пайда жоқ»

Вячеслав Ким Ғалымжан Есеновке ақша бермегенін айтады. Егер Ким бермесе, Есенов ақшаны қайдан алды? Және қазір «Jusan» банктің нағыз қожайындары кім?

NEGE дереккөздері банктің «Жаңа Қазақстанға» берілгенін меңзеді. Бірақ бұл «банк мемлекет балансына өтті» дегенді білдірмейді. Жаңа республиканың жаңа истиблишментіне қатысы бар.

Jusan bank 2022 жылы 111,5 миллиард теңге таза кіріс тапты. 2021 жылы табысы 47,5 миллиард теңге болғанын ескерсек, банктің тиімділігі екі есе артқанын байқауға болады. 2022 жылдың аяғында банк активтері 3,1 триллион теңгеге, міндеттемелері 2,5 триллион теңгеге жеткен еді. Ал биылғы I тоқсан нәтижесі бойынша, банк 30,6 миллиард теңге таза пайда көріп отыр.

Тегтер: