24 Шілде 18:02

ҚЫЛМЫСТЫҚ іс қозғалды: Ораловты СУИЦИДКЕ итермелеген кім?

Фото:

Шілденің басында Жетісу облысының әкімдігінде төтенше оқиға болды: облыстық қоғамдық даму басқармасы этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің бас маманы Ә.Оралов суицид жасады. Алайда бұл істің құпиясы әлі ашылған жоқ. Тергеу жүріп жатыр.

Ә.Оралов. Фото: әлеуметтік желіден

Облыстағы тұрақты оқырманымыздың айтуынша, Ә.Ораловқа басшылық қысым жасаған көрінеді.

Әріптестерінің сөзіне қарағанда, Ораловтың жұмысына қатысты ақау болмаған. Оның жасы 55-те, төрт бала тәрбиелелеп өсірген. Ол ортасына сыйлы, абыройлы азамат болған.

NEGE порталы мәселенің мән-жайын анықтамаққа Жетісу облысының прокуроры Мадияр БАСШЫБАЕВҚА, Жетісу облысы Полиция департаментінің басшысы Атығай АРЫСТАНОВҚА, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат ӘЗІЛХАНОВҚА және Жетісу облысы әкімдігі Қоғамдық даму басқармасының бастығы Айдар БАШБАЕВҚА ресми сауал жолдаған.

Алғашқы жауап Қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Е.САПАРОВТАН келді.

Сапаровтың сөзіне қарағанда, «Ораловтың қайтыс болуына қатысты қызметтік тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде, қосымша ақпарат тергеудің қорытындысы шыққан соң белгілі болмақ.

Жетісу облысы прокурорының атына жолданған ресми сауалға прокурордың бірінші орынбасары Р.ӘМІРОВТЕН төмендегідей жауап келді.

Ә.Ораловтың өзіне-өзі қол жұмсауына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы, 1-тармағы бойынша (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.

Қылмыстық іс шеңберінде Жетісу облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы (Қоғамдық даму басқармасы – ред.) басшысынан, яғни А.Башбаевтан жауап алынған.

Қоғамдық даму басқармасының басшысы А.Башбаевқа жолдаған сауалымызға неліктен басқарма бастығының міндетін атқарушы Е.Сапаров жауап берді? Өйткені Ә.Оралов тікелей бағынышты болған Қоғамдық даму басқармасының бастығы А.Башбаев тергеу аяқталғанша қызметінен уақытша шеттетілген болуы мүмкін.

А.Башбаев. Фото: tengrinews.kz

Қазақстан халқы ассамблеясы Ә.Ораловтың қазасына қатысты не ойлайтыны әзірге белгісіз. Ресми сауалымызға әлі жауап келген жоқ. Бұл іске қатысты полиция да үнсіз. «Тергеу құпиясына» сүйеніп, сауалдарымызды жауапсыз қалдыруы да ғажап емес.

Соңғы уақытта Жетісу облысында түсініксіз жайттар көбейіп кетті. Мәселен, Жетісуден жаппай кадр «қашып» жатыр, «облыс әкімімен шекісіп қалған» Талдықорған қаласының әкімі Ә.МАСАБАЕВТЫҢ жүрегі ұстап ауруханаға түсті, іле-шала сала қызметінен кетті. Енді міне, Оралов өз-өзіне қол жұмсады... Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ иегінің астында не болып жатқанын біле ме өзі?

Б.Исабаев. Фото: gov.kz

Ораловты суицидке итермелеген кім? Адамды өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу үшін оған не айтуы немесе не істеуі мүмкін? 

Бұл сұрақтарды Оралов тікелей бағынышты болған А.Башпаевқа және тергеуді жүргізген облыстық полицияға және Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевқа жолдаймыз.

Тегтер: