19 Қазан 17:34
...

«Қылмыскерлердің қолшоқпары»: Депутаттар НЕГЕ президентке саботаж жасай бастады?

Фото:
Бүгін Мәжіліс Қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жариялау жөнінде заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жіберді.

Осы заң жобасына басшылық еткен депутат Гүлнар Бижанова өз баяндамасында Қаңтар оқиғасына қатысқандарға «қылмыскерлер мен тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылардың қолшоқпары болды» деген анықтама берді.

Оны қолдай сөйлеген әріптесі Сауытбек Әбдірахманов «рақымшылық өз қатесін мойындаған және қылмысы үшін кешірім сұраған адамдарға ғана жасалатынына» нақтырақ тоқталды.

Сондай-ақ ол «арада уақыт өте келе, рақымшылық жасалғаннан кейін Қаңтар оқиғасына қатысушылардың іс-әрекетін әртүрлі пайымдайтындар шығады. Тіпті өз Отанында ойран салып, өз елінің шаңырағын шайқалтуға шақ қалғандарды ескі режиммен күрескендер қатарына қосудан тайынбайтындар табылуы мүмкін» деген де болжам жасады.

Фото: ВВС

Егер рақымшылық мәселесі қатысушылардың бәріне бірдей қарастырылмайтын болса, оларды «қылмыскерлердің қолшоқпары» немесе «Отанын ойрандағандар» деген баға беру қаншалықты дұрыс?

Осыны білмекке NEGE тілшісі Мәжіліс депутаттарын сөзге тартқан еді.

Аманжол Әлтай, Мәжіліс депутаты:

Олардың барлығын бүлікші деп санамаймыз

– Біздің мемлекетте ең басты құндылық – адам факторы, оның бас бостандығы. Сондықтан да Мемлекет басшысының Қаңтар оқиғасына байланысты рақымшылық жариялау туралы ұсыныс айтты. Парламент қабырғасында ол заң жобасын талқылап, мақұлдадық. Нақтылай айтқанда, ауыр қылмыс жасағандарға сот тағайындаған жазаның төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстардың жазасы жартылай жеңілдетіледі.

Мен Қаңтар оқиғасына қатысқандардың барлығына жасаған қылмысына байланысты құқық қорғау органдары әділ шешім шығарады деп ойлаймын. Олардың барлығын «бүлікшілер» деп санамаймыз, әрине.

Нақты айтылды ғой, арандатушыларға ерген біздің жастарымыз бен біраз қоғам өкіліне рақымшылық жасалады. Оларға тағылған айыптың барлығы алынып тасталынады. Кейін де бұл азаматтардың жазаға тартылған кезеңдегі оқиғасы жұмысқа тұруы мен болашақ өміріне ешқандай кедергі болмайды. Ал мемлекетте төңкеріс ұйымдастырған террористер мен лаңкестерге, қаңтарға қатысушыларды азаптап, күш қолданған, өзінің қызметін асыра пайдаланғандарға аталған кешірім қарастырылмайды.

Әлия Сапарова, Мәжіліс депутаты:

Бір баптың өзі адамның тағдырына түбегейлі әсер етуі мүмкін

– «Рақымшылық» туралы заң жобасы бүгін қаралып, мақұлданып отыр. Ол жобада көрсетілген барлық баптар аясында жай емес, үлкен сараптама жасалған. Жаңа депутаттар да «бұл рақымшылық нақты кімдерге жасалады?», «қай уақыт аралығы есептеледі?» деп сұрап жатты. Оған іліккендердің тізімін заң орындаушылары мен құқық қорғау орындары заң жобасы қабылданғаннан кейін барлық баптар бойынша істерді түгелдей тексеріп болған соң жариялайды.

Қаңтарға қатысушылардың барлығын бүлікші деп санауға болмайды. Өйткені бәрі заң аясында реттелген. Президент жолдауында осындай тапсырма бергенімен, бұл жоба депутаттардың бастамашылдығымен әзірленгенін айту керек.

Депутаттар бұл заң жобасын әзірлеудің алдында да арнайы іссапарлар жасап, халықпен де кездесті, тергеу изоляторларында да болды. Заңға енгізілген бір баптың өзі адамның тағдырына түбегейлі әсер етуі әбден мүмкін ғой. Сол үшін бұл үлкен ұқыптылық пен жауапкершілікті талап етеді.

Әріптестерімнің бүгінгі баяндамалары мен ұсыныстарында осы мәселелердің барлығы анық айтылды деп ойлаймын.

P.S. Қаңтар оқиғасына қатысушылардың бәрін «қылмыскерлердің қолшоқпары», «Отанын сатқан» дегендердің бір білгені бар шығар, оны өздерінен сұрау керек. Бірақ олар НЕГЕ отқа май құйып, ескі жараның аузын тырнай береді? Әлде әдейі істей ме?      

Тегтер: