Киллерлер. Мильграмның өлімі
Иосиф Семенович Мильграм тоқсаныншы жылдардың басында табысты бизнесмендердің бірі болатын. «Қарметкомбинаттың» бастығы Свичинский тапсырыспен өлтірілген соң бір жылдан кейін Мильграмға қастандық жасалды.
Көпсалалы акционерлік компания «Алматыгорстройдың» іскер басшысын ел аумағында ғана емес, шетелде де жақсы танитын. Совет уақытындағы трест «Қазстройпромды» Иосиф Мильграм үлкен компания деңгейіне жеткізді.
Қылмыстық іс материалдарын парақтап отырып бұған дейін қоғамға белгісіз боп келген біраз деректерді түртіп қойдым. Бәрінен бұрын мені Мильграмды атып өлтірген киллердің өмірі таңқалдырды. Бұл туралы сәл кейінірек.
НЕГЕ Мильграм?
1993 жылы 21 желтоқсанда түс мезгілінде Иосиф Мильграмның машинасы қазіргі Назарбаев пен Сәтпаев даңғылы қиылысындағы «Океан» дүкені орналасқан элиталық үйдің ауласына бұрылады.
Мильграм көліктен шығып подъезге жете бергенде алдынан шыққан киллер оны екі рет ішінен атады. Мильграм шұғыл кері бұрылып, қойнынан тапаншасын алғанша киллер оның арқасынан тағы бірнеше мәрте атып жібереді. Бірер қадам басып барып тұмсығымен жер сүзе құлаған бизнесменге төніп келген қылмыскер басынан тағы атқан.
Осы сәтте Мильграмның шопыры көлігінен шыға сала газбен атылатын тапаншадан киллерге қарай бірнеше рет атып жібереді. Киллер бір жанына қарай мысықша секіріп, шопырға қарата шүріппені басқанда оқ оның жүрегін жұлып түсіпті...
И.Мильграм. Фото: қылмыстық істен.
Милиция 20 минуттан соң келген. Бұл кезде киллер із суытып үлгерген. Сол ауданды шұғыл тексеріп, куәгерлер іздегенімен, еш нәтиже болған жоқ. Екі адамның өлімі бойынша қылмыстық іс қозғау туралы қаулыны қала прокурорының сол кездегі орынбасары Берік Имашев шығарған.
Мильграмның жеке заттарын тексергенде, олардың арасынан израильдік «A.D.M. International Inc.» компаниясына қатысты құжаттар табылады. Онда компания президенті – Израиль азаматы Моше Хаймоффтың қолы қойылған екен. Жедел-тергеу тобы бұл адам туралы дерек жинай бастайды. 1993 жылы Хаймофф Қазақстанға бірнеше рет келген және Мильграммен байланыста болған.
Хаймофф – Өзбек ССР-інің бұрынғы азаматы, бірер жыл бұрын тарихи отанына көшіп кеткен. Мильграммен бірлескен бизнестері болыпты. Мильграмның өзі де соңғы үш жылда Израильге жиі барғыштап жүрген. Бизнесменнің әйелі Евгения Мильграм-Патлах күйеуі өлерден бірер ай бұрын Израильге түбегейлі көшіп кеткен.
Жедел-тергеу тобы тағы бір нәрсеге көңіл аударды. «Алматыгорстрой» басшысының «Санурбанк» құрылтайшыларымен арада кикілжіңі болған. Мильграмның компаниясы банкирлерге арнап Алматы тауларының етегінен коттедждер салып берген. Бірақ банкирлер есептесуге асықпапты. Ақыры сотта Мильграм жеңіпті. Осыдан кейін банк өкілдері Мильграмға қоқан-лоқы жасаған. Оның үстіне банктің басқарма төрағасы Самир Хасанов пен заң бөлімінің бастығы Сергей Григорчуктің бизнесменді өлтірерден бірер күн бұрын ғана Израильге барып келгені күдік тудырды.
Қылмысқа қатысты тергеушілердің үш болжамы болды. Бірінші: Мильграммен қаржылық жағынан келіспеушіліктері болған Израиль азаматы Моше Хаймофф тапсырыс беруі мүмкін.
Екінші: Киллерді Мильграмның әйелі жалдауы ғажап емес. Өйткені бизнесменнің жас көңілдесі болған. Сол үшін әйелі оны тастап, шетелге кетіп қалыпты. Мильграмның артында қалған мұрасына иелік ету үшін өз күйеуін өлтірсе ше?..
Үшінші: Мильграмны өлтіруге «Санурбанк» өкілдері тапсырыс беруі мүмкін.
Мильграмның өлі денесі.
Бас прокуратура Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық каналдары арқылы Израильдің тергеу органдарын іске қосуды сұрайды.
Біраз уақыттан соң Интерполдан жауап келді. Халықаралық полицияның өкілдері қылмыстық іске қатысты тергеуді бастапты.
1993 жылы жазда Мәскеуде әлдекімдер Мильграмды ұрлап әкетіп, ақша талап етпек болған. Бірақ кейінірек қаскөйлер Мильграмды емес, оның досы Владимир Полевойды ұрламақ болғаны анықталды. Бұл іс бойынша алматылық Юсупов пен Шешенстан азаматы Батукаев ұсталған.
Көп ұзамай Израильден құжаттар жетті. Арасында Моше Хаймоффтың түсініктемесі бар. Ол Мильграммен қалай танысқанын егжей-тегжейлі баяндап беріпті. 1993 жылы Мильграм одан Тель-Авивтен пәтер алуға көмектесуді сұрапты. Хаймофф оған көмектескен. Одан кейін екеуі Алматыдан кондитер зауытын салмақ болған. Тіпті атына дейін ойластырыпты – Диана. Өйткені Мильграмның қызының аты Диана екен.
Осылайша есепке алған болжамдардың ешқайсысы анықталмай, іс тұйыққа тіреледі. Ақыры қылмыстық істі тергеуді уақытша тоқтатып қоюға тура келіпті.
Екі полицейдің өлімі
Мильграмның өліміне қатысты қылмыс тек 1998 жылы ғана ашылды. Онда да аяқ астынан. Сол жылдары Алматыда «Фотон» деп аталатын экипаж жүретін. Оған екі жол полицейі мен жедел уәкіл кіреді. Осы экипаж 31 наурызда Алматының жоғарғы аудандарын шолып жүргенде көздеріне «Мерседес 600» түседі. Машинаның бұлталақтап жүруі күдікті көрінген. Полицейлер көлікті тоқтатпақ болғанда күдіктілер қаша жөнеледі. Төрт кварталдан соң көлікті қысып тоқтатқанда көліктегі үш жігіттің ұрттап алғаны байқалған.
Үшеуінің де түр-сипаты рэкетке келеді. Көлік салонынан тапаншаның оқтары табылғанда бандиттердің жүйкесі сыр беріп, атыса жөнеледі. Олардың бірі полицейді желкесінен атып, полицей сол жерде көз жұмған. Екінші полицей де жараланғанымен, ол бір бандитті жаралап үлгерген. Алайда оқ тиген полицей кейін ауруханада көз жұмды. Тағы бірнеше «Фотон» экипажы келгенше екі бандит қашып кетеді. Күдіктілердің бірі сол жерде ұсталып, кейінірек екіншісі қолға түскен. Полицейлердің өлімі үшін ұзақ уақытқа сотталуы мүмкін екенін ойлаған екеу үшінші сыбайласын да ұстап беруге келіседі. Ол бандалық топтың жетекшісі – Дрон лақап аты бар Андрей Шевцов еді. Шевцовты бірнеше айдан кейін ұстады. Ол қарсылық көрсетіп, атыспақ болған. Алайда полицейлер оны тапаншасына жеткізбей, басып қалды.
Ортада – киллер З.Салахутдинов.
Алғашқыда полицейлер кезекті бандалық топты әшкереледік деп ойлаған. Бірақ Шевцовтан алынған «Макаров» тапаншасын базаға салып тексергенде, бәрі түсінікті болды. Шевцов деп жүргендері мүлдем басқа адам екен. Халықаралық іздеуде жүрген, 1962 жылы туған Закир Рамильұлы Салахутдинов болып шыққан.
Салахутдинов отбасына қастық қылған үш бірдей рэкетті өлтіргені үшін Ресейде сотталып, түрмеден қашып кетіпті. Өзі Бас барлау басқармасының (ГРУ) офицері екен.
Тергеушілер оған тапаншаның Мильграмның өліміне қатысты екенін айтқандай Закир біраз бұлталақтағанымен, бәрін рет-ретімен баяндап беріпті.
Қылмыстық істе оның алғашқы түсініктемесі бар. Онда ол қылмысты қалай жасағанын баяндайды. Қалай дайындалғанын, аңдығанын, уақытын қалай таңдағанын айтады. Әдейі түскі уақытты белгілеген. Өйткені бизнесмен күн сайын түсте бір уақытта көңілдесінің үйіне барады екен. Одан кейін Мильграм мен оның шопырын қалай атып өлтіргенін айтады. Алты рет арқасынан, бір рет басынан атқан. Бірақ ол қылмыстың негізгі мотивін жасырып қалыпты. «Бизнесменнен ақша алу үшін бопсаладым, бірақ ол тапаншамен мені атпақ болды» деп жалтарыпты.
Мильграмның өлі денесі.
Салахутдинов пен сыбайластары екі полицейді атып өлтірген күні әйелі екеуі Валентин Юнсикович Ли деген кәсіпкердің үйінде бірнеше күн тығылып жатыпты. Лидің «Мамыр» деген фирмасы болған және ол Иосиф Мильграммен жұмыс істеген.
Сол күні киллер ескі досы Лидің үйіне барып тығылып, бизнесменнің «Адидас» спорт костюмін киген. Закир осы киіммен ұсталды, тергеу абақтысында да сонымен отырды. Ли мен Салахутдиновтың арасында қандай байланыс болуы мүмкін? Одан әрі індете тергеу Мильграмның өлімінің құпиясын ашып берді.
Закир Салахутдинов бір-ақ күнде барлаушы офицерден бандитке айналып шыға келген. КСРО Қорғаныс министрлігі барлау басқармасының үздік офицерлерінің бірі – майор Закир Салахутдинов шырт етпе мінезінің кесірінен отставкаға кетеді. Жұмыссыз қалған офицер әр нәрсенің басын бір шалып жүріп, Томскі қаласында кооператив құрады, пайда таба бастайды. Жергілікті қызға үйленіп, өмірі қалыпқа түсе бастаған. Бір күні оның үйіне тақырбас жеті бандит басып кіріп, бәрін ұрып-соғады. Закирдің кәрі шешесі де соққыға жығылады. Олар Закирден ақша талап етеді.
Әбден қорқытып тастау үшін үш бандит әйелін Закирдің көзінше зорлайды. Осы сәтте Салахутдинов бандиттердің қолынан сытылып шығып, үшеуін де атып өлтіреді.
Сот оны 12 жылға қамайды. Үш жылдан кейін Закирдің шешесі көз жұмып, колония әкімшілігі оған үш күнге үйіне баруға рұқсат береді. Бірақ Закир түрмеге оралмаған. Әйелі екеуі алдымен Уфа қаласына қашып барып, одан балалық шағы өткен Алматыға келеді. Бірақ бірден қалаға кірмей, Іле өзенінің Қапшағай қаласы маңындағы жағасына шатыр тігіп, балық ұстап күнелтеді.
Күндердің-күнінде ол алматылық екі балықшымен танысады. Олардың бірі Валентин Ли еді. Екеуінің таныстығы достыққа ұласып, Закир Лидің көмегімен Алматыдан пәтер жалдайды. Тұрақты жұмысы жоқ әрі түрмеден қашқан Закирді бір күні Ли кеңсесіне шақырып алып, Мильграмды өлтіру туралы ұсыныс жасайды.
Лидің аңшы қаруына алған рұқсаты.
Тапсырыс беруші мен киллердің айтуынша, Мильграм Лидің ақша ұрлап жүргенін сезіп қойған. Ол ұрлықшы әріптесімен бірлесіп жұмыс істеуді доғарып қана қоймай, ұрлаған ақшаны қайтаруды талап етеді. Ірі соманы қайтарғысы келмеген Ли 10 мың долларға киллер жалдап, мәселесін шешкісі келіпті. Кейіннен соманы 20 мыңға өсірген.
Мильграмды атып өлтірген соң Салахутдинов Лиге телефон соғып, бір жәшік шампан тапсырыс береді.
Қылмыс жасаған соң Закир киімін ауыстырып, Тастаққа дейін таксимен жетеді. Кешке Әл Фараби даңғылының бойында Лиден 15 мың долларын алып, 5 мың долларды кейін алатын болып келіседі де, одан әрі әйелі екеуі Ташкентке өтіп кетеді.
Біраз уақыт одақ көлемін кезіп шыққан Салахутдинов Алматыға 1996 жылы қайтадан келіп, бірден Лимен хабарласады. Ли оған уәделі ақшаның 3 мың долларын ұстатады. Осылайша ескі достар қайтадан бас қосады.
Мильграм өлген соң Ли де күдікті ретінде тергелген екен, алайда ол кезде дәлел болмағандықтан босатылған. Осы уақыт ішінде Лиден бәрі теріс айналып, ол құрылыс бизнесінде абыройын әбден жоғалтқан еді. Осылайша Ли мен Салахутдинов көлеңкелі шаруамен айналысуды жоспарлайды. Закир бандалық топ құруды мойнына алады, Ли қаладағы бизнесмендер мен шетелдіктер арасынан құрбандық табуды ойластырады. Қылмыстық топ 1997 жылдың соңы мен 1998 жылдың наурызына дейін кәсіпкерлерге 11 мәрте шабуыл жасаған.
Осы 11-эпизод – Алматы темір жолының сол кездегі бастығы Кәрім Насбекұлы Көкірекбаевтың (Көкірекбаев Жамбыл облысының бұрынғы әкімі, қазір Қырғызстандағы елші) үйін тонау оқиғасы еді.
1998 жылы 27 наурызда Кәрім Көкірекбаев таңғы 8-де жұмысына кеткенде Закир бастаған бандалық топ оның үйіне басып кіреді де, әйелдерді соққыға жығады. Көкірекбаевтың жұбайының басынан тапаншаның дүмімен ұрып талдырып, үйден ақшалай және заттай 895 000 теңгенің дүниесін үптеп кетеді.
Қылмыстық топтың мүшелері 7 жылдан 10 жылға дейін сотталды. Адам өлтіруге тапсырыс берген Валентин Ли 15 жылға қамалды. Ал Закир Салахутдинов өлім жазасына кесіліп, 1999 жылы Алматыдағы №1 тергеу изоляторының жертөлесінде атылды.