18 Сәуір 17:17

«Қилы заман» повесі бойынша телехикая түсіріледі

Фото:

Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесі бойынша телехикая түсіру, Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында жазушының бюстін орнату және мектеп оқушыларына арналған «Әуезовтану» бейнедәрістер циклы әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойын мерекелеуге дайындық жөніндегі жұмыс тобының отырысынан мәлім болды.

Алматы, NEGE. Қазақтың заңғар жазушысының мерейтойын атап өту жөніндегі жалпы республикалық жоспарға сәйкес биыл 4 бағыт бойынша 82 іс-шара ұйымдастырылады. Оның ішінде, М.Әуезовтің әдеби-мемориалдық үй-мұражайы ғимаратына ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізіліп, Шолпан-Атада жазушының бюсті орнатылады.

Мектеп оқушыларына арналған «Әуезовтану» бейнедәрістер циклы әзірленіп, әдеби подкасттар жасалады. Халықаралық театр фестивалі өткізіліп, «Ақан-Зайра» трагедиясы алғаш рет сахналанатын болады.

Сондай-ақ, «Қилы заман» повесі бойынша телехикая түсіру қолға алынбақшы. Шетел архивтерінде М. Әуезовке қатысты құжаттар зерделеніп, тың материалдар іздестіру қарастырылған.

Бұдан бөлек, Жоспардан тыс өңірлік деңгейде 500-ден аса мерекелік шара өткізу көзделіп отыр. Осы ретте Е. Тоғжанов жазушының мерейтойын атап өтуге барлық өңірлер лайықты деңгейде атсалысу қажеттігін атап өтті. Кеңес барысында әдебиеттанушылар мен жазушылар тарапынан мерейтойды өткізуге қатысты бірқатар ұсыныстар айтылып, оларды іс-шаралар жоспарына енгізу жұмыс тобымен мақұлданды.

Вице-Премьер қоғамдық маңызы бар мәдени-бұқаралық, ақпараттық-имидждік, ғылыми зерттеу, ағартушылық іс-шараларының жоғары деңгейде орындалуы үшін бірқатар тапсырмалар берді.

Тегтер: