Қылғындырып, ішінен тепкен: жүкті әйелін қинағаны үшін сотталған ер адам жазасын жеңілдетуді сұраған
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот жүкті әйелін қинағаны үшін төрт жылға сотталған ер адамға қатысты істі қайта қарады.
Астана, NEGE. Сот мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны 2024 жылғы тамыз бен қазан айлары аралығында өзінің жүкті әйеліне бірнеше рет физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсеткен. Атап айтқанда, басынан, бетінен, иығынан және ішінен ұрған, шаңсорғыштың сымымен қылғындырған. Бұған қоса әйелін үйге қамап, қорқытып, медициналық көмекке жүгінуіне кедергі келтірген.
Бірінші сатыдағы сот оған төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Апелляциялық сатыдағы сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Ал кассациялық сот ер адамның кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, бейнежазбамен, жәбірленушінің жарақаттары мен жүкті болғанын растайтын медициналық құжаттармен және сот сараптамаларының қорытындыларымен расталған деп таныды.
«Жазаны жеңілдетуге құқықтық негіздер жоқ. Тағайындалған жаза әділ әрі қылмыстың ауырлық дәрежесіне сай», – деген қорытындыға келді Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот өкілдері.
Осылайша ер адамға тағайындалған үкім өзгертеліген жоқ.