24 Желтоқсан 13:56
...

Қыдырәлі Болманов неге марапатталмады?

Фото:

Жыл сайын өнер өкілдері «ҚР еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталса, Қыдырәлі Болмановқа аталмыш марапат әлі күнге дейін бұйырмаған

Алматы, NEGE. 2019 жылы белгілі продюсер Қыдырәлі Болманов үшін табысты жыл болды. Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Бүгінде жүктелген сенімді абыроймен арқалап жүр. Сондай-ақ, 2005-2008 жылдар аралығында Алматы қаласында мәдениет басқармасының директоры, Астана қаласында мәдениет департаментінің басшысы міндетін атқарушы қызметін атқарған болатын. Одан бөлек, өнер әлеміне сіңірген еңбегі де баршылық. Ең алғаш «АБК» тобы арқылы танылып, кейін «Ұлытау», Рахат Тұрлыхановтың жұлдызын жаққан Болманов, әр жыл сайын әртістер марапатталатын «ҚР еңбек сіңірген қайраткері» атағынан биыл да құр қалған.

Қарақат Әбілдина: «Қыдекең, әлі бұл атақты алған жоқ. Біз үшін бір түсініксіз жағдай. Бірақ, көрермен олай ойламайды. Халық Қыдекеңді бәрінен бұрын атақ алған азамат деп қабылдайды. Солай түсінеді. Тіпті, мына әңгімемді естіп отырған адамдар сенбейтін де шығар. Шындығына келсек солай!»

Десе де, Болмановтар отбасында қайраткер атанған жалғыз ғана жан бар. Қарақатты Қыдырәлі танытқанымен отағасының алдын орап кеткен Әбілдинаға осыдан екі жыл бұрын аталмыш атақ бұйырыпты. 2017 жылы «Еңбек сіңірген қайраткері» атағын елбасымыз, тұңғыш ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алған. Алайда, Қарақаттың да қайраткерлікке қол жеткізуі де жыр болыпты. Алғашқыда жұлдызды жұптың екеуі де «еңбек сіңіргендер» тізіміне тіркелген көрінеді. Бірақ, кейін хабарласып ерлі-зайыптыларға күтпеген талап қойылады.

Қыдырәлі Болманов: «Негізі жағдай былай болды. Екеуміз де бірдей «Еңбегі сіңген әртіс», «Қоғам қайраткері» дегенге ұсынылған болатынбыз. Содан кейін марапат болардың алдында бізге хабарласып: «бір үйден екі адам алуға болмайды», - деді. Таңғалдық. Екеуміз де сахнада бірге жүрген соң түсіне алмадық. Бұл да біз үшін бір құпия болды. Содан кейін барып Қарақат, сен алшы дейді. Сөйтіп ақылшы ағаларымызға барсақ, олар басшылыққа хабарласты бұл қалай болғаны деп. Сосын менен сұрады қайсысыңа берсін деп, Қарақатыма беріңдер дедім», - дейді Қыдырәлі Болманов.

Продюсер ретінде атақты Қарақатқа беруді өтінген Қыдырәлі, бүгінге дейін қайраткерлер тізіміне енбеген. Бірақ, ол үшін марапат маңызды емес.  Халықтың батасы мен елдің сүйіспеншілігі болса жеткілікті.

Тегтер: