ҚФФ төрешілердің бірін футбол жарыстарынан шеттетті
Қазақстан футбол федерациясы жекелеген клубтардың өкілдері артықшылыққа ие болу мақсатында төрешілерге сыйақы ұсынып, заңсыз ықпал етуге тырысқаны туралы ақпарат тарағанын растады.
Астана, NEGE. Федерация қолда бар ақпарат пен мән-жайларды қарау қорытындысы бойынша арбитрлердің бірін футбол жарыстарында жұмыс істеуден мерзімсіз шеттету туралы шешім қабылдаған. Төрешінің аты-жөні әзірге жарияланған жоқ.
Сонымен қатар ҚФФ төрешілер мен футбол жарыстарына қатысушыларға қысым көрсету, материалдық сыйақы ұсыну және заңсыз ықпал етудің басқа да түрлеріне қатысты ақпаратты тексеріп жатқанын хабарлады.
Федерация спорттық нәтижелерді манипуляциялауға бағытталған кез келген әрекетке, соның ішінде төрешілерге қысым көрсетуге, ақша ұсынуға және матч барысына өзге де жолмен араласуға жол берілмейтінін мәлімдеді.
«Барлық келіп түскен ақпарат мұқият тексеріледі. Фактілер расталған жағдайда ҚФФ регламенттер мен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шараларды қабылдайды және өз құзыреті шегінде құзыретті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды», – делінген федерация хабарламасында.
Бұл ретте ҚФФ спорттық жарыстарды манипуляциялаудың ең ауыр түрлері үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтпек.
Федерация жарыстардың адалдығы, төрешілердің тәуелсіздігі және жанкүйерлердің сенімі Қазақстан футболының негізгі қағидаттары екенін атап өтті. ҚФФ спорттық нәтижеге футбол алаңынан тыс ықпал етуге бағытталған кез келген әрекетке жол берілмейтінін мәлімдеді.